KZ
Өскемен
+26°
переменная облачность жел 5 м/с, ОШ
441.66 475.14 4.86

Жақсы сөзді жаны аңсаған әйел

26.02.2012, 18:00 191



Жұмыстағылардың бәрі мұны уайым-қайғысы жоқ, бақытты әйел деп ойлайды. Өзі де маңайындағыларға еш сыр бермеу үшін жұмысқа барын киіп, бақанын асып дегендей, үлде мен бүлдеге оранып, киініп барғанды ұнатады. Кейде қасындағы қыздар «Апай, мына тоныңыз қанша тұрады?», «Мына костюмді қай дүкеннен сатып алдыңыз?» деп сұрап жатады.

Араларында «Күйеуіңіз қандай жақсы, сізге бәрін сатып әпереді. Қандай бақыттысыз» деп тамсанып қоятындары да бар. Ондайда сыңғырлап күлген болады. Бірақ жүзі күлгенімен, жүрегінің қан жылап тұратынын олардың ешқайсысы да сезбейді. Қымбат киімдерін қызықтаған жас қыздар мұны нендей нәрсенің мазалайтынын қайдан білсін?! Түрлі-түрлі шүберек Жадыраның ішіндегі шерін бүркеудің бір ғана жолы ғой. Иә, күйеуі белгілі кәсіпкер. Нені алам десе де қолын қақпайды. Жағдайы жақсы, ақшасы да бар. Ішкені – алдында, ішпегені – артында. Десе де, Жадыраның көңілі күйеуіне ешқашан толған емес. Оның дөрекілеу мінезі мүлдем шаршатып жіберді. Екі сөзінің бірі «әкеңнің...» деп басталады. Осы сөз үшін талай ұрсысты екеуі. «Баяғыда сүйегі қурап қалған әкемді неге боқтайсың?» деп талай жылады да. Сонда да қоймайды ау, қоймайды. Әбден әдет болып кеткен. «Әкеңнің» деп сөйлемесе, сөзінің дәмі кірмейді оның. Соңғы кездері күйеуінің бұл сөзіне де бойы үйренгендей еді. Бірақ... өткенде жұрттың көзінше боқтап ұятқа қалдырды емес пе мұны?

Сол жолы өздерімен жақсы араласатын жолдастары бұларды қонаққа шақырған. Жап-жақсы отырыстың шырқын жынды күйеуі бұзды. Болмашы нәрсе үшін мұны қонақтардың көзінше боқтап, ұятқа қалдырғаны. Қатты қысылды бұл. Сол жерде екі көзі боталап жылауға шақ қалды. Орталарындағы жасы үлкен әйел бұған:

– Үндеме, – деген. – Боқтаса, өз күйеуің. Оның боқтағаны сені «айналайын» дегені емес пе?

Жаны қатты күйзелді. Тіпті сол сәт онымен ажырасып кетуді де ойлаған. Бірақ екі баласының ертеңгі күнін ойлады. Десе де, кейде оның жазықсыздан-жазықсыз мұны неге боқтайтынын еш түсінбейді. Өзге әйелдер секілді Жадыра да күйеуінен боқтық емес, адамның жанын семіртетін жақсы сөздерді естігісі келеді. Тегінде «әйел құлағымен сүйеді» деген рас. Әттең... бірақ күйеуінің аузынан «жаным», «күнім», «гүлім» деген әдемі сөздер әзірге шығар емес. Сол жанына қатты батады...

Мейрамтай Иманғали
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив