KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
476.27 515.47 5.41

ҚАНСОНАР Мұрат КӨКСАУОВ, аңшы: – Тайға мініп, ТҮЛКІ ҚАЙЫРУДЫ әкемнен үйрендім

1.03.2012, 18:00 152


Сөзбен айтып жеткізгісіз тамашалары мол саятшылықтың тартымдылығына атам қазақ: «Атан өлсе – сойылар, атам өлсе – қойылар, жыл айналып бір келген, қансонар қайдан табылар?» деп толық сипаттама берген ғой. Дегенмен, бүгінде нағыз аңшы, бүркітші атаулы сиреп бара жатыр.

Сөйтсе де, осы бір ғажап өнерді нық ұстанып, әлі де болса қансонарда қырдан із кесіп жүрген жандар аз да болса бар. Солардың бірі, бірі емес-ау, бірегейі деп айтуға тұрарлық аңшы – Бурабайдың тумасы, бүгінде Күршім ауылында тұрып жатқан Мұрат Көксауов.

Қасқырға бұғалық салған кездер де болды


Мұратты мен бала кезден білемін. Оның алғыр тазы ұстап, түлкіні қынадай қыратынына да қанықпын. Бірақ кең отырып, бетпе-бет сыр алысқанымыз – осы.
– Мұрат – нағыз аңшылық үшін жаралған жан, – дейді Күршім аудандық ауруханасының хирургі, белгілі дәрігер Задабек Шапатов. – Мұндай құмарлық менің басымда да болғандықтан, екеуміз талай рет серіктесіп дала кездік, жапанда жатып, құзда қондық. Сондағы байқағаным, Мұрат шаршағанды білмейтін қажырлы, ерінгенді білмейтін елгезек жан. Аң қуып, ауылдан ұзап кетіп, көбінесе таудағы малшылардың қыстағында, кейде тіпті тастың қуысында түнеп жүргенде Мұрат атын қойып, бел шеше сала апыр-топыр отын жинап, су әкеліп дегендей, дереу ас қамына кіріседі де, жаңбыр мен желге қарамастан тамақты шапшаң даяр етеді. Ондайда оның езу жидырмайтын қызықты әңгімелері де таусылмайды.
Мұраттың астындағы атын баладай мәпелеп, үнемі бабында ұстайтын әдеті де маған қатты ұнайды. Ал тазыны баулып, аңға үйретуге келгенде бұл маңда ондай шебер жоқ-ау, жоқ.
Мұраттың түлкіден аймаққа сауға салғанын, кезінде жетіге дейін тазы ұстап, олары өздерінің алғырлығымен аңызға айналғанын көпшілік жақсы біледі. Ал осы тазылары қоршап ұстаған көкжал қасқырға бұғалық тастап, тақымға салып, сүйреп, ауылға алып келгенін бурабайлықтар жыр ғып айтады.
– Қасқырды тірідей әкелгендегі мақсатым, – дейді Мұрат Жақияұлы ол оқиға жайлы жайбарақат әңгімелеп – әлі ірі аңға түсіп көрмеген жас тазыларымды ауыздандыру, нағыз көкжалды талатып, бойын үйрету еді. Сөйткенде ғана тазылар қасқырға жолыққан-да қорқып, үрейленбейтін болады. Содан соң егіз ұлдарым – Берік пен Серікке «қасқырдай жігіт болыңдар» – деп оларды соққыздым.
Осынау киіктің асығындай оңтайлы да ықшам Мұраттың теңге алудан неше мәрте облыс чемпионы болғаны да бар. Елу екіге келсе де ол бұл өнерінен әлі де бас тарта қойған жоқ. Тұстастары немере сүйіп жатқанда Мұраттың өз әйелі ұл тауып, Әкежан деген бүлдіршін биыл екіге толып отыр.
Оны аңшылыққа марқұм әкесі Жақия баулыған екен. Қария 87 жасында дүние салды.
– Әкем аңқұмар, саятшы адам еді, – деп еске алады Мұрат. – Мені ес білгеннен өзімен бірге ертіп жүріп, осы өнерге жетеледі. Тайға мінгізіп жүріп, түлкі қайыруды, оны тасқа қамап, түтін салуды үйретті. Содан екеуміз аңға бірге шығатын болдық. Ол соғысқа қатысқан адам еді, бертінде санындағы снарядтың жарықшағы асқынып, ақыры дәрігерлер аяғын кесіп тынды. Мен бұдан соң аңға жалғыз шыға бастадым.

Аң аулаймын деп жүріп арам өліп қала жаздағаным бар

Аңшылықтың қызығымен қатар қауіп-қатері де аз болмайды. Бар дүниені ұмытып, аң қуып жүргенде ат тайып жығылса, өзіңнің де майып болуың ғажап емес. Қасқыр, қабан сияқты ірі аңды қоршап, жан-жақтан мылтық атқанда жазатайым біреуге оқ тиюі де әбден мүмкін. Басқа да қатер аз емес.
– Бірде із кесіп келе жатсам, – деп еске алады Мұрат – тау арасындағы «жетінші шахта» деп аталатын, кезінде алтын қазған кеніштегі бір үңгірден қып-қызыл алтайы түлкі шыға келіп, тұра қашсын. Жеті тазым түгел жанымда келе жатқан, жабыла қуып кеп берді. Сасқалақтаған түлкі бір жалпақ тастың астына сүңгіді де кетті. Аттан түсіп, үңіле қарасам, көзі жайнап жатыр екен сабазың. Ар жағынан иттер ентелеп, бер жағынан мен бір тұтам ұшқатпен түрткілеп, қолымыз жетпей қор болдық. Құмарлық билеп, ұмтыла беріппін, бір кезде артқа қарай шығайын десем, күпәйке мен қалың желеткем арқама қайырылып, кептелдім де қалдым. Өзі тар қуыс, қол созым жердегі түлкі мен айналадан мойын созған тазылардың күлімсі демі тұншықтырып, оның үстіне кеудем қысылып, ашық қалған арқамды суық жел қарып барады. Жан тәтті ғой, тыпырлап, оң қолымды шығаруға тырыса бердім. Бет-ауыздың, екі қолдың терісі сыдырылып, қызыл ала қан болды. Бір сағат-тан артық жанталасып, өлдім-талдым дегенде шығарып алған оң қолыммен арқама жиырылған қалың киімді тартқылап, мұздап қалған сегізкөзімді жаптым да тар қуыстан сәл-сәл шегініп, сыртқа шығуға мүмкіндік алдым. Қыспақтан босанғанда көзімнен жас саулап кеткенін несіне жасырайын. Сөйтіп, арам өліп қала жаздағаным бар.
Қандай аңқұмар болса да, Мұраттың берік ұстанған адалдық қағидасы бар. Ыңғайы келіп тұр екен деп аң-құсты беталды қыра беруге болмайды. Дәрменсіз қалып, қаша алмай тұрған аңға қару жұмсау да – қатыгездік. Сонымен қатар аңға шығарда ешкіммен жүз шайыспай, өзіңнің де көңіліңде арам ой болмай аттануың керек екен.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив