KZ
Өскемен
+8°
ясно жел 2 м/с, З
482.86 533.17 5.08

Палатцы – Песчанка жолы: уәде қашан орындалады?

5.07.2024, 11:30 172 Ержан Әбіш

Самар ауданындағы Палатцы – Қараш – Қарақол – Песчанка автожолы жөндеуді қажет етеді. Дегенмен жергілікті билік өкілдері жолды жөндейміз деген уәделерін әлі күнге дейін орындамай келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биыл Шығыс Қазақстан облысында Жол жылы деп жарияланды. Алайда, кейбір аудандар оларды жөндеуге асығар емес.

Самар ауданындағы әрқайсысында 150 шақты адам тұратын Қараш, Қарақол және Песчанка ауылдарының жұрты елді мекендеріне апаратын автожолдардың жоқтығына шағымдануда.

Олардың айтуынша, екі жыл бұрын жағдай өзгереді деп уәде берілген. Сонымен қатар жолдың 18 сантиметрге көтеріліп, тегістелетіні де айтылған. Алайда уәде сол күйі орындалмай жатыр.

Биыл жағдай ушыға түсті, көктемгі тасқын салдарынан жолдарды бірнеше рет су шайды. Қазір тұрғындардың айтуынша, жолдардың жағдайы мәз емес.

– Жолдардың жөнделуін баяғыдан күтіп жүрміз. Олардың жағдайы нашар, қырық шұңқыр, машиналар үнемі бұзыла береді. Әсіресе көктемде қиын. Балшықта К700 тракторының өзі батып қалған кездер болды. Бұл ретте жеңіл көліктер туралы айтпай-ақ қояйық. Қарсы жақтан мәшін келе қалғанда тар жолдан өте алмай қаласыз, – дейді Татьяна Юродская.
– Өңірде Жол жылы жарияланды деп естідік. Тым құрығанда жолымызды тегістеп берсе дейміз, асфальт туралы армандамаймыз да. Интернет тартылды, енді жолдар жөнделіп, үйлер салынса ғой. Жастар көшіп келіп, ауылымыз жандана түсер еді. Ал қазір бізге ешкімнің келгісі жоқ, – дейді Ботагөз Самарханова.

Сонымен қатар жолдар жақсарса, оңтүстіктен қоныс аударушылардың да осында келетіні анық. Ал көпбалалы отбасылар – ауылдың гүлденуінің, оның болашағының кепілі.

Тұрғындар ауылдық және аудандық әкімдіктерге бірнеше рет жүгінген. Тіпті жиналыс өткізіліп, онда жергілікті билік өкілдері көктемде жолдарды жөндеуге кірісеміз деп уәде де беріпті. Шілде болды, еш қозғалыс жоқ.

Жағдайды анықтап, жолдардың қашан жөнделетінін білу үшін Самар ауданына Altainews медиа-орталығының түсірілім тобы барды.

– Биыл көктемгі қардың еруі салдарынан Палатцы – Қараш – Қарақол – Песчанка жолының біраз жерін су шайып кетті, автокөліктердің жүруі қиындады. Ауданның коммуналдық қызметтері автожолды қалпына келтіріп, нығайтты. Бүгінде жөндеу жұмыстарына, осы учаскелерде су өткізетін құбырлар төсеуге бюджеттік өтінім беріліп отыр, – деді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Мұхаметжанов.

Автожолға толыққанды жөндеу жүргізуге ауданның мүмкіндігі жоқ. Олар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан қаржы бөлуді сұрап отыр.

– Жолдың жалпы қашықтығы – 50 шақырым. Өткен жылы Палатцы ауылына дейінгі 12 шақырымды жөндеуге 360 млн теңге бөлінген. Ауданның өз қаражаты жоқ, олар бізге жүгініп отыр. Біз жолды ағымдағы жөндеуге құны 60 млн теңге болатын смета жасадық. Тамыз айында өтетін мәслихаттың келесі сессиясында бюджеттік өтінім береміз. Қыркүйек айына дейін жол жөнделеді деп ойлаймын, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Altainews.kz тілшілері осы жағдайды бақылауда ұстап, аталған ауылдардың тұрғындарымен байланыста болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив