KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 4 м/с, СБ
442.05 474.14 4.74

Алдын алса, обыр да емделеді

26.02.2012, 18:00 288


Бір ел емес, жүз ел емес, бүкіл жаһанды жаппай жайлап келе жатқан бір дерт бар. Оның аты – обыр. Обырға бұрындары жасамыс адамдар шалдығушы еді, бүгінде ол жас адамдарға да ауыз салып отыр. Сондықтан да болса керек, Мемлекет басшысы ел халқына арнаған биылғы Жолдауында онымен күреске басты назар аударды. Ал біздің төмендегі сұхбатымыз обырдың алдын алу және емдеу жолдарына арналды. Сұхбаттасымыз – облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері, жоғары санатты дәрігер Жомарт Кенжалин.

– Жомарт Шаймарданұлы, ауырлау әңгімемізді өңіріміздегі обыр ауруының бүгінгі жағдайынан бастасақ.
– Ешқандай жасырары жоқ, обыр тек біздің облыста ғана емес, жер жүзінде жылдан-жылға көбейіп келеді. Ал біздің өңір 2011 жылғы көрсеткіш бойынша республикада екінші орында тұр. Жалпы Семей жағын қоса алғанда бізде еркектер арасында өкпе обыры, ал әйелдерде омырау безі обыры алдыңғы орында келеді. Шығыс аймағын бөле-жара алсақ, терінің қатерлі ісігі ең алда тұр. Әрі қарай асқазан, тікішек, тоқішек, жатыр мойны және ер адамдарда простат болып кете береді. Нақты дерекпен сөйлесек, жүз мың адамға шаққанда бізде 271 адам осы дертпен ауырады. Біз жыл сайын 3800 обырға шалдыққан адамды тіркеуге аламыз. Ал одан қайтыс болғандар саны соңғы бес жылда 165,3-тен 158-ге (4,6 пайызға), Өскеменнің өзінде ғана 19,4 пайызға төмендеп отыр. Ең бастысы, бұл дертті ертеректен анықтауды, яғни, диагноз қоюды нақты жолға қойғандықтан, соңғы кездері адамдардың обырға жасалған отадан кейінгі өмір жасы бес жылға дейін ұзарды (45,1-ден 50,5 пайызға көтерілген). Негізінен жылдан-жылға обырдан көз жұматындар саны төмендеп келеді.

Обыр жас талғамайтын болды

– Мұндай дертке ұшыра-ғандардың денін қай жастағылар және қай аймақтар құрап отыр?
– Қазіргі дерек-дәйектемелер обырмен жалпы 50 жас пен 70 жас аралығындағылар көбірек ауыратынын көрсетуде. Дегенмен, соңғы жылдары оның жасарып отырғанын да жасыруға болмайды. Әсіресе, әйелдерде омырау безі мен жатыр мойны, жастар арасында ішек ауруы дендеп келеді. Ал оған ең көп шалдығатындар туралы айтсақ, біздің өндірісті кәсіпорындар шоғырланған Риддер, Өскемен, Зырян, Глубокое және Шемонайха обырдың ошағына айналып отыр. Бұл аймақтарда 100 мың адамға шаққанда 360-380 адам обырға шалдығады.
– Обырдың бас көтеруіне себеп болатын нендей факторлар?
– Қатерлі ісіктің пайда болуына себеп болатындар: негізінен ауыр металдар, шлак, түтін, сондай-ақ, дұрыс тамақтанбау. Бұған қоса арақты көп ішетіндер мен шылым шегетіндер ағзаларында түрлі дертке қарсы тұратын иммунитет болмағандықтан, көбірек шалдығады. Жалпы қатерлі ісік бірден пайда болмайды, ол ағзасы әлсіреген немесе «жай ғана ғой» деп, қарапайым ауруын дер кезінде толық емдемеген жандарды шырмауына алатынын айтқым келеді. Турасын айтқанда, өзін-өзі дұрыс күтпеген, денсаулығына немқұрайлы қараған адам қатерлі ісікке шалдығуы әбден мүмкін. Сондықтан, тіпті, тұмаумен ауырған адам тез арада дәрігерге көрінсе, әне-міне деп созып, жүріп алмаса, көп дерттің алдын алуға негіз бар. Жалпы кез келген адам жылына бір рет флюорографиядан өтсе, әйелдер гинеколог-дәрігердің тексерілуінде болып тұрса, артықшылық етпейді, тіпті ол қажет те.
– Тері обыры туралы нақтырақ айтып өтсеңіз. Мәселен, аллергиялық аурулардың соңы обырға әкеліп соғуы мүмкін бе?
– Жоқ, аллергия обырға ұласпайды. Негізінен аяқ астынан дененің бір тұсында пайда болып, үлкейе беретін кәдімгі меңдерден (мелонома), содан соң бетте, мойында, дененің ашық жүретін жерлерінде пайда болатын қара дақтардан сақтанған жөн. Ондайда дереу онколог-дәрігерге қаралу керек.
– Скринингтік тексерулер обырды қаншалықты анықтай алады?
– Біз 2005 жылдан бастап жатыр мойнын, ал 2007 жылдан бастап, омырау безін тексеріп жатырмыз. Осы жерде нақты дерекпен сөйлесек, мәселен, 2010-2011 жылдары, яғни, екі жылда 25118 әйелдің 25164-і жатыр мойны бойынша тексеріліп (97 пайыз), олардың 24-інен І сатыдағы обыр анықталса, 2242 әйелден қатерлі ісікке тез ауысып кететін аурулар анықталды. Олардың бәрі жергілікті жерде және бізде емделіп, толық сауығып кетті. Жатыр мойны дерті бойынша да осы скринингтік тексеру арқылы анықталып, жазылып кеткен әйелдер баршылық. Бұл не деген сөз? Бұл – дер мезгілінде белгілі болған кез келген дертке дауа бар және оған асқынғандағыдан аз қаржы жұмсалады деген сөз. Сондықтан мұндай тексерулердің пайдасы орасан. Жалпы дәл бүгінгі күнге облысымыздың Шығыс бөлігінде әртүрлі обырға шалдыққан 11434 адам есепте тұр.
– Аурухана заманауи емдеу құралдарымен қаншалықты дәрежеде қамтылып отыр?
– Ондай құралдар қазір молайды. Бұдан он жыл бұрын отадан соңғы химия-терапия бойынша емдеуде бар-жоғы 4-5 дәрі ғана болған. Ал қазір 30-дан астам дәрі бар. Қазір озық технологиямен емдеу жағынан ілгері кеткен Израйль, Германия, Жапония, Америка елдеріндегі барлық дерлік химия-терапиялық препараттардың көбі бізде де қолданылып жатыр. Халықаралық стандарт деген бар, онда сала ғалымдарының ұйғарымынан өткен, қандай ауруға қандай дәрі қолданылатындығы жазылып қойылған, соларды біз де нақты дертке байланысты пайдаланып жатырмыз. Қазақстан бұл салаға жыл сайын көп қаражат бөліп отыр.

Елдегі жұрт та ем алудан кенде емес

– Ал аудандардағы жағдай қандай, ондағы науқастар қалай тексеріліп, емделеді?
– Дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Бүгінде әр аудан орталығындағы ауруханаларда онколог-дәрігер жұмыс істейді. Олар мәселен, әйелдердің жатыр мойнынан алған анализ-
дерін бізге жібереді. Ал біз оларды тиянақты тексеріп, қорытындысын жолдамасына жазып, өздеріне жіберіп отырамыз. Осы тұста айтарым, екі-үш ауданнан басқаның бәрінде маммограф бар. Катонқарағай мен Семейде елді мекендерді аралап, тексеретін көшпелі маммограф жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар аталған аурудың алдын алу мақсатында биылдан бастап Өскеменнің өз басында: теміржол ауруханасында, «Медсанчастьтің» емханасында, амбулаториялық орталықта, ІІ қалалық емханада және Сол жағалаудағы клиникада онкологиялық кабинеттер ашылып отыр. Бұл – обырдың алдын алуға үлкен сеп болатыны даусыз. Өткен жылдың маусым айында іске қосылған сәуле терапиясы бөліміндегі үлкен-үлкен американдық, алмандық, чехиялық аппараттар мен компьютерлік томмографтар үзіліссіз жұмыс істеп, тері қатерлі ісігінен бастап, барлық обырды емдей алады. Мәселен, өткен жылдың жеті айында ғана ол жерден 260 науқас ем-дом алып шықса, қазірдің өзінде 56 адам емделіп жатыр.
– Обырды ешқандай операциясыз емдеуге бола ма?
– Болады. Мысалы, бет, яғни, тері аурулары отасыз, сәуле терапиясы арқылы емделеді.
– Кез келген науқас аурухана есігінен дәрігерге құдайдай табынып кіретіні белгілі. Сол жандардың дертіне дауа болатын дәрігерлердің біліктілігі қандай деңгейде? Осы турасында әңгімелей кетсеңіз.
– Бізде онколог, эндоскопист, цитрологты қосқанда 47 дәрігер жұмыс істейді. Дәрігерлеріміз шетелдерде өтетін съездерге барып, тәжірибе жинақтап келуде. Мәселен, бірнеше дәрігер Мәскеудегі клиникаларда болып, Санкт-Петербургте оқып келді. Жақын арада Кореяға төрт маман-дәрігеріміз оқуға жүрмекші. Сондай-ақ, Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтында болып тұратын шеберлік кластарына, телеконференцияларға қатысады. Жалпы қала бойынша ең көп жоғары санатты дәрігерлер бізде. Осыдан-ақ дәрігерлеріміздің біліктілігін тануға болады десек, артық айтқандық емес. Солардың ішінен хирург Ербол Құсайыновты, эндоскопист Нұргүл Өтебаеваны, анестезиолог Бағлан Мәмиевті, фотоморфологымыз Эльмира Хамитованы, бүкіл Қазақстанда жоқ оңалту бөлімімізге басшылық ететін Елена Лавриненконы бөлекше атағым келеді. Ал ауруханамыздағы психолог, массажшы мамандарымыздың да әр науқаспен жұмысы көңіл көншітеді.
– Жалпы сіз басқарып отырған ауруханада түйіні шешілмей келе жатқан мәселелер бар ма?
– Бұдан 8-10 жыл бұрын біздегі құралдардың бәрі ескі болатын. Тіпті ота жасалатын бөлмедегі шамдардың өзі әбден ескірген-тұғын. Соңғы жылдары облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ ерекше қамқорлығымен Семейде де, бізде де ота жасалатын столдан бастап, түрлі құралдарға дейін толық жаңартылды. Ол ғана емес, қомақты аппаратуралар жаңамен ауыстырылды. Бұған дейін қаламыздағы «Қазцинк» акционерлік қоғамы ауруханамыздағы барлық бөлімшелердің төсектері мен тумбаларын жаңартып, теледидарлар, тіпті жалюзиге дейін ауыстырып беріп, үлкен демеушілік жасаған болатын. Сондай-ақ, өткен жылдары ауруханада күрделі жөндеу жүргізіліп, оның іші-сырты жаңғырып қалды. Жалпы проблема дегеніңіз әдетте қаражаттың жетіспеушілігінен туындайды ғой. Ал бізге республикадан да, облыстық бюджеттен де қомақты қаржы бөлініп келеді. Әсіресе, дәрі тапшылығы деген мүлде жоқ. Рес-публикадан еш үзіліссіз жеткізіліп отырылады.


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив