KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 1 м/с, С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Семей әкімі Жиенәлі ауылдық округінің әлеуметтік тұрмысын назарға алуға уәде етті

21.11.2018, 08:30 249


Жиенәлі ауылының тұрғындары көптен бері әлеуметтік тыныс-тіршіліктерін түзеуді өтініш етіп айтып келе жатқан еді. Бұл істі Семей әкімі Ермак Сәлімов қолға алуға уәде етіп отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Астана, Алматы, Семей қалаларындағыдай жасанды көгалмен жабдықталған футбол алаңы, қазақша күреспен шұғылдану үшін арнайы спорттық зал жабдықтары ауылдық округ тұрғындары үшін аса қажет екен.


Жиенәлі ауылдық округіне қарасты Бөкенші ауылының жастары мен балалары келер жылы осы айтылған тілектеріне қол жеткізетін болды. Клубқа арналған музыкалық жабдық та берілмек. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ал көп балалы Махметовтер отбасы бағдарламасы тамаша компьютермен қамтылмақ.


Осының барлығын көшпелі мәжіліс кезінде «Нұр Отан» партиясының Семей филиалының төрағасы Ермак Сәлімов уәде етті. Бұл  қабылдау «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толу мерекесіне орай лайықталды.


Ауыл тұрғындары 2009 жылы таза ауыз су көзімен қамтылған. Су сорғыш станциялары бар, су құбырлары тартылған. Қыстан қысылмай шығатындықтан көмір қоры жеткілікті. Өздерінің медициналық пункті де жұмыс істеп тұр.


Қаладан 40 шақырымдық жерде орналасқан Бөкенші ауылында 600 адам тұрады. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл тұрғындары қандай тілек айтып келсе де, Ермак Бидахметұлы барлығына да көңіл бөлетіндігін айтты.


Мәселен, төрт немересін бағып отырған ауыл тұрғыны Ш. Манаспаева төртіншісін тікелей өз қамқорлығына алған екен. Үлкен немересі 19 жаста, оны жұмысқа орналастырып беруді сұрады. Немересі колледж бітірген. Осында келген Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі ол кісіге «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша көмек беретінін айтты.

Ал жесір әйел Нұрбану Нұрланова жалғыз өзі төрт баланы өсіруде. Біреуі дымкәс. Оның үйінің шатырынан су ағады, қоршау-қорғаны тозып кеткен. Ол кісінің де өтініші бірнеше күнде орындалатын болды.


Ал 27 жасар денешынықтыру пәнінің мұғалімі Әнуарбек Мұздыбаев келгендерге мектеп спортзалының жөнделгеніне рахметін айтты. Бұл мектепте 90 бала білім алуда. Ұстаз волейбол бойынша үш секцияны жүргізеді. Онда 60 оқушы мен ауыл жастары келіп, ойнап, жаттығып жүр. Тәрбиеленушілері қалалық, облыстық жасөспірімдер жарысының жүлдегелері атанды. Тіпті, екі Қазақстан чемпионын да жаттықтырып шығарыпты.


Жиенәлі ауылдық округіне қарасты Маралды ауылының тұрғыны Тлеубек Мұстафин ауылдар арасындағы шаң-топырақ, батпақ жолды назарға алуды сұрады. Қала әкімі тиісті сала басшыларына ұзындығы небәрі 1 шақырым болатын жолды ретке келтіруді тапсырды.


Айта кету керек, партия мүшелерімен бірге ауылға кардиолог, невропотолог және окулист те келген еді. Олар амбулаторлық пунктте 40 шақты ауыл тұрғынын қабылдады. Ем-шараларын жасап, диагноздарын қойды. Ауыл тұрғындары жергілікті дәрігерлері Айдынгүл Жүзбаеваға риза екендіктерін жеткізді. Ол бұл жерде 10 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бөкеншіде тұрса да, ауылдық округке қатысты ауылдың бәріне шығып жүргеніне 10 жыл екен. Бұл ауылдық округтің амбулаториясы қаладағы №3 емханаға қарайды. Бас дәрігері Нәйля Әлменованың айтуынша, медициналық проблемалардың 85 пайызы жергілікті жерде шешіледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив