ШҚО-ның қос спортшысы ұлттық құрамаға шақырту алды
Бокстан Ақтау қаласында мәресіне жеткен ересектер арасындағы ел чемпионатынан кейін ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов жаңадан жасақталған команда тізімін жариялады.
Бір айта кетерлігі, бұл тізімге қос бірдей жерлесіміз енді. Оның бірі – 69 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасып жүрген Ермахан Жақпеков.
Жерлесіміз «қазақтың салмағы» саналатын 69 келіде Асланбек Шымбергенов пен Абылайхан Жүсіпов сынды азулы қарсыластардан асып түсті. Себебі, семейлік жас боксшы осыдан біраз бұрын Мажарстан астанасы Будапештте өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатынан жүлдемен оралған болатын.
Ермаханнан бөлек, ел құрамасына 81 келіге дейінгі салмақта бақ сынап жүрген Тимур Ержанов та шақырту алды. Айта кетейік, Ақтаудағы доданың қорытындысы бойынша Тимур қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Осы ретте, бұған дейін аталмыш салмақтың иесі саналып келген Әділбек Ниязымбетов үлкен спорттан кеткенін мәлімдегенін айта кеткен орынды.