KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 3 м/с, Ю
441.44 473.09 4.75

Кәсіпқой бокста үлкен өзгерістер болады

22.11.2012, 18:00 158


Кәсіпқой бокста үлкен өзгерістер болады Үстіміздегі жылы Астанада Қазақстанның бокстан ерлер арасындағы кезекті біріншілігі өтеді. Бұл чемпионаттың ерекшелігі, онда көп жылдардан бері алғаш рет баяғы бір кездердегідей былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға қорғаныс шлемдерінсіз шығады. Мұнда, сондай-ақ, ұпай есептеудің жаңа тәсілі қолданылады. Ал біз осы додаға орай даңқты боксшы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, АИБА атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаевпен әңгімелескен едік.

– Серік Керімбекұлы, алдағы чемпионаттан бәріміздің де күтеріміз көп. Бұл бізге бокстың баяғы өзіңіз рингке шығып жүрген кездегідей сұлу көрінісін қайта әкелетіндей болып сезіледі.
– Өзіңізге белгілі шығар, соңғы жылдары қазіргі заманғы бокс жекпе-жектерінің шабуылдан гөрі қорғанысқа айрықша қатты көңіл бөліп, тым жабық сипатта өтетіні туралы жиі айтыла бастады. Айтылып қана жүрген жоқ, шаршы алаң үстіндегі шайқастар ұрыстың тек имитациясын ғана жасайтынына мамандар тарапынан да, жанкүйер тарапынан да наразылық күшейіп кетті. Бұл, әрине, Чинг-Куо Ву бастаған Халықаралық бокс ассоциациясы басшылығын ойландырмай қалған жоқ. Осы орайда қазіргі шешімге жеткенге дейін де көптеген толғаныстар мен жобалар болғанын айта кеткеніміз жөн. Ақырында биылғы жылғы шілде айында Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен АИБА атқару комитетінде 2013 жылдан бастап боксшылардан шлемді алып тастау жайында ұйғарым жасалды. Бұл мәселені алғаш көтерген Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев болғанын да айта кетуіміз керек. Біз бұған қатысушылары бас киімсіз шайқастар өткізіп жүрген Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) екі жылдық тәжірибесіне негізделген АИБА медициналық комиссиясының қорытындысына сүйендік. Ал талдау жұмыстары шлем боксшының жарақат алып қалу деңгейін төмендете қоймайтынын, керісінше, WSB ұрыстарында нокауттар мен қабақ жарылудың аз болатынын көрсетіп берді. Бұған қоса, боксшыда шлемнің болмауы оның тактикалық тәсілдер санын арттырып, ұрыстың сипатын әдемі ететіні де анықталды. Осыған көз жеткізген атқару комитетінің мүшелері біздің басшымыздың ұсынысын бір ауыздан қолдады. Сонымен, келесі жылы Қазақстанда өтетін әлем чемпионатында осы өзгерістер алғаш рет қолданылатын болып шешілді.

Аталмыш өзгерістердің бастамашысы ретінде біздің еліміз оны биылғы жылы-ақ қолданатын болып отыр. Ол жоғарыда айтылған Қазақстан чемпионатында жүзеге асады. Эксперимент мәртебесінде өтетін бұл жарысты көруге жер жүзінің көптеген елдерінен АИБА президенті Чинг-Куо Ву бастаған бақылаушылар келеді. Біз бұл орайда көп жылдар бойы, тіпті, өзінің бәсеке жолын бастаған уақыттан бері шлеммен шайқасып жүрген боксшыларға жаңа қалыпқа түсе қоюдың оңай болмасын да түсінеміз. Бірақ, осылай етпеске болмайды. Ең бастысы, ол жанкүйерлерді бұрынғы әдемі бокспен қайта қауыштырады. Сарбаздар ұрыс тактикасын қайта құрып, күштерін орнымен жұмсауға бағыт алса, олардың жаттықтырушылары енді шығармашылық жағына көбірек көңіл бөлетін болады.

– Соңғы жылдары еліміздің чемпионаттары әрдайым көрерменге аз да болса жаңа есімдерді танытып келеді. Бұл жолғы біріншіліктен сондай жаңалық күтуге бола ма?
– Неге болмасын! Оның үстіне ұрыстың бет-бейнесі осылай айтарлықтай өзгеріске түсіп жатса. Ендігі ереже нағыз шаршы алаңның шеберлерін алғы шепке шығарады деп ойлаймын. Бұл бұрын тасада қалып жүрген көптеген ұландарды ілгері алып шығатыны айдан анық. Енді бұрынғыдай қаша жүріп салған ұрыстарында қарсыласын бір-ек рет артық нұқып өтіп, қалған уақыттың бәрінде қорғанысқа көшіп алуы арқасында ғана жеңіске жетіп жүрген бойларында қуаты аз, шеберліктері төмен жігіттердің жолы бола қоймайды. Міне, еліміздің осы жаңа үлгідегі жаңа чемпионатының қорытындысы бойынша жаңа құрама қатары жасақталады. Ол осы бастан 2013 жылы Алматыда өтетін әлемдік додаға дайындала бастайды. Сондықтан бұл сайысқа қатысуға тілек білушілер өте көп. Тіпті, шаршы алаңдағы шайқастарын аяқтауға қамданып жүрген сайыпқырандарымыздың өздері осы жолы Астана төрінде атой салуға құштар болып отыр. Олардың бәрі келесі жылы өз елімізде тұңғыш рет өткелі тұрған жаһандық жарысқа қатысудан дәмелі.

– Сіз республика Бокс федерациясында төрешілер корпусына жауап бересіз. Қалай ойлайсыз, реферилер эксперимент ретіндегі Қазақстан чемпионатын жоғары деңгейде өткізуге дайын ба?
– Біз біріншілік барысында әртүрлі қолайсыз жайттардың орын алмауы үшін барымызды саламыз. Әлбетте, доданың жаңа ережеге сай өтуі төрешілер үшін де, боксшылар мен олардың бапкерлері үшін де айта қаларлықтай қиындықтар мен күрделі сәттер әкелуі мүмкін. Дегенмен, қазақстандық төрешілер корпусының осы кезге дейін біраз сыннан өткен тәжірибелі мамандардан құралатынын еске ала отырып, олардың біліктіліктері ешбір сыр бермесіне сенгім келеді. Қазіргі кездері біздің бір төрешіміз «бес жұлдызды» болса, тағы сегіз рефериімізде «үш жұлдыздылық» статусы бар. Ал Қазақстан чемпионатының бас төрешісі болып белгіленген Рахымжан Рысбаев әлемдегі санаулы «бес жұлдыздының» қатарында. Демек, қазылар алқасының біліктілігі жөнінен алаңдайтын ретіміз жоқ.

– Енді келесі жылғы әлем чемпионаты жайына қайта оралайық. Біздің еліміз осымен Олимпиялық спорт түрлері бойынша ересектер арасындағы ең алғашқы жаһандық жарысты өткізгелі отыр. Бұл, сөз жоқ, үлкен жетістік. Ал бұған қалай қол жетті?
– Дәл қазір Қазақстан үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Оның үстіне отандық бокс әлемдегі ең беделділердің қатарына жатады. Бұған қоса, кез келген ірі халықаралық жарысты жоғары деңгейде өткізе алатынымызды талай көрсеттік. Бұдан екі жыл бұрын Алматыда өткен АИБА-ның конгресі кезінде де оған қатысушылар біздің ұйымдастырушылық жұмыстарымыздың сапасына қатты разы болып қайтқан еді. Мұның бәрі Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың жемісті де жігерлі жұмысының арқасында мүмкін болып отыр. Біздің елімізде бокс мемлекет тарапынан үлкен қолдау мен қамқорлыққа ие. Былғары қолғап шеберлеріміздің әрбір Олимпиада сайын алтын медальсіз қайтпайтыны тағы бар. Мұның сыртында тәуелсіздік жылдарынан бері үш боксшымыз Вэл Баркердің кубогын жеңіп алды. Бұл жағынан қазір біздің алдымызда бес жүлдесі бар АҚШ құрамасы ғана тұр. Мұхиттың арғы жағалауындағы ел оларды да Қазақстан егемендікке қол жеткізбей тұрған кезеңде алып қойған. Соңғы жылдары біздің елімізде әлемдік деңгейдегі бірнеше жарыс – Азияның әйелдер арасындағы чемпионаты, жасөспірімдердің жаһандық біріншілігі өтті. Сол сияқты, АИБА-ның Қазақстанға бокс академиясының құрылысын салуды сеніп тапсыруының өзі бекер емес. Міне, қазақ боксының жер жүзіндегі осындай беделі мен биігі әлем чемпионатын да қабылдауымызға мүмкіндік берді.

– Егемендік жылдарының бәрінде де боксшыларымыздың Олимпиялық ойындардан алтын медальсіз қайтпағаны рас. Соңғы Лондон Олимпиадасында бұл жетістік тағы қайталанды. Серік Сәпиев чемпиондықпен қоса, турнирдің ең үздік боксшысы атанып, әлгінде айтылған Вэл Баркер кубогын да жеңіп алды. Бірақ, Серіктің жалқы алтын медалі Қазақстан құрамасы үшін аздық етпей ме, қалай ойлайсыз?
– Бұл жерде мынаны ескеру керек. Олимпиада – қашаннан үлкен психологиялық дайындықты керек ететін ерекше турнир. Ол кезекті бір әлем чемпионаты емес. Сондықтан басқа жарыстарда жарқырап көрініп жүрген тарландардың өзі Олимпиадаға келгенде абдырап қалып жатады. Былайынша, мұнда да бұрыннан ірі халықаралық турнирлерде ұрыс салып жүрген саңлақтардың көрінетіні рас. Әйткенмен, Олимпиаданың мысы әрдайым басып тұрады. Сол себепті біз мұнда тек төрт аяғын тең басқан, жан-жақты дайындық деңгейінен табылған спортшылардың ғана жолы болатынын білеміз. Иә, Лондонда Серіктен басқа, Әділбек Ниязымбетовтің де, Иван Дычко мен Біржан Жақыповтың да алтын медаль алып қайтатынындай мүмкіндіктері болды. Бірақ жеме-жемге келгенде, психологиялық көңіл-күй бәрін шешіп кетті. Айталық, Ниязымбетов жартылай финалда оншалықты жарқырап көріне алмады. Жеңіс оған аса қиындықпен келді. Алайда, мұның есесіне ол финалда ресейлік өте тәжірибелі Егор Мехонцевті қалай төпеледі десеңізші! Қарсыласынан мұны күтпеген орыс боксшысы білгенінен жаңылып, Әділбектен пәлендей аса алмады. Оған төрешілердің қосымша шешімі бойынша ғана жеңіс берілді. Осының өзі Олимпиадада көңіл-күйдің көп нәрсені анықтайтынын байқатады.

– Қазір еліміздің аймақтарындағы бокстың ахуалы қандай?
– Өңірлерде бүгінгі таңда бокстың деңгейі күрт өрлей бастағанын сіздің өзіңіз де жақсы білесіз. Бұған соңғы жылдары Қазақстан чемпионатының аса тартысты өтіп келе жатқанының өзі толық дәлел. Дәлірек айтқанда, біз мұндай жағдайға 2009 жылы федерация тізгінін Тимур Құлыбаев қолға алғаннан бері жетіп келеміз. Өзі өте күшті топ-менеджер, басқарушы болып табылатын федерация басшысы келген күнінен өңірлердегі ахуалға айрықша назар аудара бастады. Ондағы жұрт боксты бір жүйеге түсіріп дамытпай, табысқа жетудің мүмкін емес екенін ұғынып қалды. Бұл орайда Тимур Асқарұлының Қазақстан Бокс федерациясының кубогы деп аталатын ішкі турнирді қолға алуы осыған үлкен серпін беріп отыр. Биыл қатарынан үшінші жыл өтіп отырған бұл бәсеке облыстардағы былғары қолғап шеберлерінің жыл бойы спорттық бапта болуын қамтамасыз етуде. Турнир сонымен қатар, жаңа таланттарды табу жөніндегі мақсатын да жақсы орындауда.
Менің жеке басым үшін аймақтарда бокс инфрақұрылымының дамып, аудандардың өзінде жаппай орталықтардың ашыла бастауы үлкен қуаныш әкеледі. Дәл осындай қазіргі заманғы орталық өткен жылы Павлодарда бой көтерді. Оның салтанатты ашылуына өзім қатыстым. Ондағыдай жағдай кезінде біз жүргенде КСРО құрамасының мүшелеріне де жасалмаған!
Боксты дамытуда жаттықтырушылар кадрларын дайындаудың атқаратын рөлі де аз емес. Жаттықтырушылар жұмысы бәрінен де маңызды. Бір кездері менің өзімнің де бокс мектебім болып еді. Бір жолы мен ойланып отырып, онда келушілерден кезінде өзім жасаған нәрселерді талап ететінімді байқап қалдым. Тап өзімнің көрсеткенім сол қалпында орындалмаса, күйіп-піседі екенмін. Мұның бәрінің дұрыс емес екенін ойланып отырғанда ұғындым. Әркімнен өзінің қолынан келетін нәрсені ғана талап ету керек екен. Сонымен бірге жақсы боксшының әрдайым жақсы бапкер де бола бермейтінін сол жолы ұғындым. Жақсы жаттықтырушы болу үшін біліктілікпен қоса, адам психологиясын терең меңгерген майталман маман болу қажет. Сонда барып өзіме боксшы кезімде Юрий Андреевич Цхай сынды адамның жолыққанына тәубе еттім.

– Енді сөздің соңын еліміздің алдағы біріншілігімен түйіндесек.
– Түсіндім. Чемпионатқа Қазақстанның барлық аймақтарынан боксшылар қатысады. Олардың саны 180-ге жуық. Бәсеке еліміздің осы кезеңдегі ең мықты деген боксшыларының бәрінің басын қосады. Мұнда тек Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов және Иван Дычко тәрізді Олимпиада жүлдегерлеріне ғана тыныс алуға мүмкіндік берілді. Демек, аптадан артық уақыт бойы Астана төрінде нағыз тартысты шайқастар өтетін болады.

Мәлімет көзі: Серік ПІРНАЗАР




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив