Өскеменнің кейбір шенеуніктері қызметтік көлікпен балаларын тасып жүр
Өскемен қаласында баласын мектепке қызметтік көлікпен апарып жүрген шенеуніктің кінәсі дәлелденді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шенеунікті қырағы көршілер «ұстап берген». Олар облыстық мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің «What’sapp» желісіндегі нөміріне шенеуніктің әрекетін әшкерелейтін фото-бейне хабарламаларды жіберген. Нәтижесінде мемлекеттің мүлкін бас пайдасына пайдаланған мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапқа тартылды.
Осы оқиғадан кейін мектеп пен балабақшалардың маңында бір ай бойы тексеру жүргізген департамент мамандары осындай тағы бес фактіні әшкереледі. Жалпы алғанда қызметтік көлікті жеке шаруасына немесе заң бұза отырып пайдаланудың 30 фактісі тіркелді. Мамандардың сөзіне қарағанда, бұл жұмыс әлі де жалғаса береді.