Геннадий Головкин: Жас боксшылардың әлем рингіне шығуына көмектесемін
Кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин қазақстандық жас боксшыларға қолдау көрсеткелі отыр. Бұл туралы ол бүгін Алматыда өткен баспасөз маслихатында айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Кәсіпқой боксшы Қазақстанға жаңа жобаны таныстыру үшін келген көрінеді. Геннадий Головкин өзі іріктеу жүргізіп, қазақстандық боксшылардың арасынан кімнің GGG Promotions-пен жұмыс істеп, кімнің әлемдік кәсіби шаршы алаңдарда Қазақстанның намысын қорғайтынын өзі шешеді. Ұзақмерзімді қаржылай көмекті “Технодом” компаниясы көрсетеді.
– АҚШ-та лицензиясы бар, тіркелген GGG Promotions атты промоутерлік компаниям бар. Қазір ол жерде менің қадағалауыммен Әли Ахметов, Руслан Мәдиев сияқты жас боксшылар әлемдік аренаға шығу үшін жаттығып, шынығып жатыр. Олардың алға қойған мақсаттары мен талпынысын көрдім. Таланты мен рейтингі де жаман емес. Ең бастысы, олар – біздің қазақстандық жігіттер. Сондықтан жас спортшыларымыздың кәсіпқой бокс алаңына шығып, армандарын орындау үшін барымды саламын. Сонымен қатар “Технодомның” көмегімен біздің промоушенге басқа да талантты да талапты жігіттер әлі келетініне сенемін, – дейді Геннадий Головкин.