«Барс» «Торпедоның» тас-талқанын шығарды
«Торпедо» қатарынан екінші ойында жеңіліс тапты. Алайда, осыдан бірер күн бұрын өскемендіктер пензалық «Дизельге» 3:4 есебімен жол берсе, бұл жолғы қарсыласына ірі есеппен жеңілуге мәжбүр болды.
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының тоғызыншы турында Мисхат Фахрутдинов шәкірттері Татарстан астанасы Қазан қаласында жергілікті «Барспен» кездескен болатын. Бұл ойындағы алғашқы кезең 4:1 есебімен айдын иелерінің пайдасына аяқталды. «Торпедо» сапында жалғыз шайбаны
Константин Чернюк соқты. Екінші кезеңде командалар тағы бір-бір реттен көзге түсті. Біздің командада бұл жолы Андрей Белозеровтың қанжығасы майланды. Ал соңғы жиырмаминуттықта қазандықтар «Торпедо» қақпасынан тағы бір рет саңылау тауып, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп 6:2!
Осы жеңілісінен кейін тағы да бір сатыға төмен сырғыған өскемендік ұжым турнир кестесінің оныншы орнына тұрақтады. Әзірге қоржынында 11 ұпайы бар «Торпедо» келесі кездесуін қонақта Самараның ЦСК ВВС хоккейшілеріне қарсы өткізбек. Бұл матч 1 қазан, дүйсенбі күні ойналады.