Халық "Үржар ханшайымын" қайта арулап жерлеуді талап етіп отыр
Осыдан 5 жыл бұрын Үржар ауданынан сәукелесі алтынмен апталған, бас киіміндегі сары алтынның үстінен жалпақ, әртүрлі қара оюмен сәндеген «Үржар ханшайымының» мүрдесі табылып, дүниежүзіне әйгілі болып еді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Таскескен-Бақты» күре жолы бойынан шыққан ханшайымды археологтар шамамен біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырларға тиісті екендігін де айтқан.
Арғы тарихымыздан хабар берер алтын бас киімді әйел адам Алтыншоқы мен Лайбұлақ ауылдарының орта тұсынан табылған болатын.
Ғалымдар ханшайымның толық реставрациясы үш жылдан кейін, яғни, 2016 жылы дайын болатындығын айтып, бізді қуантып қоюды да ұмытқан жоқ. Сол тұстағы аудан әкімі Бауыржан Жанақов ханшайымның көшірмесін ескерткіш етіп табылған жерге орнататынын да жеткізген. Өкініштісі, айтылған сөз сол жерде қалды. Өйткені, аудан басшысы өзгерді. Қазір сол бастаманы құлаққа ілер адам табылмай отыр.
Бар болғаны ханшайым табылған жерге мынадай «белгі» орнатылды. Не екені белгісіз бұл «белгінің» тіпті жазуы да өшкен. Өткенімізге деген құрметіміз осымен бітті. Болды. 2500-300 жыл бұрынғы осындай қасиетті жәдігер осылайша аяқасты болып қала берді. Рас, мүрденің өзін түбегейлі зерттеу үшін Алматыға алып кетті. Осы өңір халқының бүкіл үміті мен мақтанышы да рухани астанамызға қайта оралмастай сапар шеккенін мұндағы жұрт енді біліп отыр.
Шындығында, әлем тарихында аса құнды болып саналатын ханшайымның рухын бұлайша аяқасты ету көзі қарақты жұрт үшін өте өкінішті. Өйткені, баба қазақ ежелден әруақ қорлауға жол бермеген. Сондықтан, өңір жұртшылығы оның мүрдесін қайта әкеліп, арулап жерлеу керек екендігін талап етіп отыр.