Өскемендіктер ел кубогін жеңіп алған хоккейшілерді қарсы алды
«Алтай-Торпедо» хоккейшілері Қазақстан кубогіне ие болды. Мұндай жетістікке өскемендік ұжым тұңғыш рет жетіп отыр. Жақында байрақты бәсекеден жеңіспен оралған спортшыларды қала тұрғындары қарсы алып, ерекше қошемет көрсетті.
Сарыарқа төріндегі «Қарағанды-аренаның» мұз айдынында өткен финалдық ойында өскемендік командаға павлодарлық «Ертіс» хоккейшілері қарсы тұрды. Аса тартысты өрбіген кездесудің 16-шы минутында есепті павлодарлық команда ашты. Дегенмен бұл күні шабуылда да, қорғаныста да аса сауатты ойнаған «Алтай-Торпедо» алдымен Артем Бурделевтың көмегімен таразы басын теңестірсе, көп ұзамай Андрей Спиридоновтың дәл соққысы арқасында есепте алға шықты. Бұл есеп матч соңына дейін өзгерген жоқ. 2:1.
Айта кетейік, кездесу барысында өскемендік команданың қақпашысы Сергей Борисов 33 соққының бетін қайтарып, мамандардың назарын өзіне аударды.