Қалбатау ауылында қоғамдық монша салынуы мүмкін
Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов, «Нұр Отан» партиясының Жарма аудандық филиалы ғимаратында өңір тұрғындарын жекелеген мәселелері бойынша қабылдады. Аудандық партия төрағасының қабылдауында көтерілген барлық мәселелер оңды шешімін тауып, бірқатар мәселелер заң шеңберінде шешу жолдары қарастырылатын болады.
Қоғамдық қабылдауда Қызылағаш ауылының тұрғыны, зейнеткер Төлеубек Мүбәраков, отбасылық жағдайына байланысты аудан орталығынан үй бөлініп берілсе деген уәжін жеткізген болатын. Өңір басшысы мамандарға барлық жағдайды зерделеп, мүмкіндіктер қарастыру жөнінде тапсырма берді.
Бір реттің әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсынысын жеткізген қалбатаулық Гүлжан Сембаеваның мәселесін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолданды. Заңнамаға сәйкес тиісті мөлшерде көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар, аудан әкімі қатты отынмен қолдау көрсететіндігін жеткізді.
Қоғамдық монша салып, кәсібін ашуға ниетті Маржан Қияқбаева, қолайлы жер телімі бөлінсе деген мәселе көтере келген. Кәсіпкерлік көзін ашып, ісін дамытпақ ниеттегі бастамасын аудан басшысы құптап, қолдауға әзір екендігін айтты. Қолайлы жер телімін қарастыру жөнінде Қалбатау ауылдық округі әкімі Берік Самежановқа нақты тапсырма жүктеді. Құрылыс қарқын алса, жергілікті атқарушы билік қажетті инфрақұрылымын тартумен қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Суықбұлақ ауылдық округіне қарасты Жайма ауылының тұрғыны Мұхтархан Өтебаев, шаруа қожалығы жұмысын жандандыру мақсатында жер мәселесін көтерді. Бұл мәселені шешу жолдарын қарастыру мақсатында аудандық жер істері жөніндегі инспекторы Жандос Мұратханұлына нақты тапсырма жүктелді.