Өскеменде трамвайдың бағанға соғылуына машинист кінәлі болып шықты
Өскемендегі трамвайдың тағаннан тайып, бағанға соғылуын машинист кінәлі болып шықты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізде болса, 15 қыркүйекте Тәуелсіздік даңғылының бойында трамвайдың бағанға соғылғаны туралы жазған едік. Оқиға орнына қала әкімі келіп, зардап шегушілердің жоқтығына көз жеткізген болатын.
Содан кейінде «аты-шулы» трамвайлар неше мәрте тағаннан тайды, жол ортада тоқтап қалды, жолаушылармен келе жатып түтіндеді де. Ал енді 15 қыркүйектегі жағдайға байланысты құрылған ішкі комиссия оқиғаға тікелей жүргізуші кінәлі деп тауыпты.
– Ішкі комиссия тұжырымы бойынша, жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс асырып жіберген. Апат соның салдарынан болған, – дейді Өскемен қалалық көлік компаниясы.
Олардың айтуынша оқиға болған жердегі тағанның сапасы жақсы болған.