Көшпенділер ойындары: Жүлдегерлерге мемлекеттік наградалар табыс етілді
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, жаттықтырушыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапаттады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шара барысында Ербол Мырзабосынов жиынға қатысушыларды байрақты бәсекенің сәтті аяқталуымен құттықтап, көшпенділер додасы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
8-13 қыркүйек күндері елордада ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ге тарта спортшы қатысып, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Айтулы аламанда Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.