Медицинаға бөлінген әр тиын, әрбір аспап тиімді қолданылуы керек - Даниал Ахметов
Облыс басшылығы медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамтуды одан әрі жалғастырады. Бірақ, қаржыны тиімді қолдану қажет. Шемонайха орталық аудандық ауруханасында болып, ондағы медициналық құрал-жабдықтар мен материалдық-техникалық базаны бағамдаған облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деп мәлімдеді.
Мекеме тұрғындарға бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп, аурулардың алдын алумен және медициналық бақылау өткізумен айналысады. Аурухананың бас дәрігері Түсіпқан Абайдельдиновтің айтуынша, 120 орындық аталмыш нысан қажетті құрылғылармен 93 пайызға жабдықталған, жалпы құрал-жабдықтарының құны 400 миллион теңгеден асады.
– Біздегі 72 дәрігердің 35-сінде санат бар. Соңғы жылдары терапевт, хирург және жалпы практика дәрігері сынды үш маман келді. Былтыр 63 дәрігер мен 98 медбике оқытуға барып келді. Тұрғындарды обыр және өзге де аурулар бойынша скринингтен өткіздік. Жылпа, емхананың ауысымдық қуаты 916 келушіге шақталған, бірақ қазіргі нақты көрсеткіш – 955. Жылына 45 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетеміз. Өткен жылы 5 миллион теңгеге жөндеу жүргізіп, шатырын жамап алдық, – дейді бас дәрігер.
Аймақ басшысы аурухананың палаталарын аралады, науқастардың қал-жағдайын, көрсетіліп жатқан қызметке деген пікірлерін біліп, тез сауығып кетулерін тіледі. Осы ретте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов пен мекеме жетекшілігі облыс әкіміне аталған емханаға қажетті құрал-жабдықтардың тізімін алға тартты. Емхананың материалдық базасын нығайту үшін қосымша қаражат қарастырылатын болды.
– Иә, біз медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамтуды одан әрі жалғастырамыз. Соңғы үш жылда ғана осы мақсатқа 19 миллиард теңге жұмсалды. Бірақ, қаржыны тиімді қолдану жағын естен шығармау абзал. Қажетті құрылғылардың нақты тізімін әзірлеу керек. Бюджет есебінен алынатын заманауи әрі қымбат аспаптар қаңырап бос тұрмауы тиіс. Алынған соң олар күндіз-түні жұмыс істеп, тұрғындарға қызмет көрсетсін, – деді осы орайда облыс әкімі.
Аймақ басшысы бұл ретте ауылдарға салынған мектептерді мысалға келтірді. Олардағы орынжайлардың 40 пайызы бос тұрғанын айтқан ол әр тиынның, әрбір аспаптың тиімді қолданылуы керектігін тағы бір мәрте ескертті.
– Біздің облыстық ауруханада үш ангиограф бар, ал Астанадағы кардиохирургиялық орталықта дәл сондай бес ангиограф жұмыс істеп тұр. Сол бесеуі бүкіл елден келген науқастарға тәулік бойы қызмет көрсетуде. Ал біздегі құралдар көп жағдайда бос тұрады. Онда біз олардын несіне алдық деген сауал туындайды. Екінші мәселе, сол заман талабына сай құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге дәрігерлеріміздің біліктілігі жете ме? Сондықтан, мамандарымыздың біліктілігін арттыру ісін басты назарда ұстауымыз керек, – деп түйіндеді Даниал Ахметов.