Семейлік оқушы кәсіпкер ерекше жиһаздарын Өскеменге әкеліп сатады
Семейде мектеп оқушысы жиһаз шығарып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына сілтеме беріп.
Семейде Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті кәсіпкерлікті насихаттау мақсатында оқушылар арасында жыл сайын «Startup Battle» атты байқау өткізеді. Биыл бұл жарыста №30 орта мектептің 11 сынып оқушысы топ жарып, жиһаз шығаратын цех ашты.
Оның жиһаздарының бір ерекшелігі ешқандай ағаш қолданылмайды.
– Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің бизнес-инкубаторына қарасты «Fox» орталығының тренингтеріне қатысу кезінде алған маркетинг, сату және дизайн туралы білімдер мені Семей нарығын жаулап алуға көмектесті, қазіргі таңда біз ресурстарды өзімізге тартып, кәсіпорынды дамыту үшін инвестициялық модель жасау үстіндеміз, - дейді жас кәсіпкер Надир Сәбитов.
Надирдің цехында қазірде үш адам жұмыс істейді. Екеуі – тігінші, үшіншісі – ассистенті.
Жас кәсіпкер алдағы уақытта жұмсақ жиһаздарды Өскемен мен Павлодар өңірлеріне сатуға шығаратындығын айтады. Кейінірек республика мен ТМД елдерінің нарығын да бағындыруды көздейді.