«Қанат аға, Гена жеңілген жоқ қой, иә?» Өскемендік оқушылар Қанат Исламға сұрақ қойды
Бөлтекұлының соқпағына бөлтірігінде түсіп, арлан шыққан кәсіпқой бокстың шебері, WBA тұжырымдамасының чемпионы Қанат Ислам Өскемендегі №3 мектеп-лицейіне келіп, оқушылармен дидарғайып сұхбат құрды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Біз бұған дейін «Жастар жылының» ашылуына орай облыс орталығында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар акциясының өтетіндігі жайлы хабар бергенбіз. Іс-шараға арнайы шақырылған қазақтың Қанаты қаладағы беделді білім мекемелерінің бірі саналатын Ш.Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейіне бас сұғып, оқушылармен әңгімедүкен құрды. Батырдың жекпе-жегін экраннан емешегі үзіле жаздап тамашалайтын қарагөздердің қуанышы қойнына сыймады бұл күні. Жарыса сұрақ қойған жеткіншектер микрафонға маза берер емес. Шаршы алаңда мықтылармен сөйлесуді білетін білегі жуан жігіт, баламен балаша тіл табыса алады екен. Балаша сөйлей отырып, түйдек-түйдек ойларын ортаға тастады.
– Спорт – әсте жаспен өлшенбейді. Отыздан астым екен деп, қолды бір-ақ сілтеу дұрыс емес. Мысалы кешегі алашордалықтар... отыздың аржақ-бержағында атылып кетті. Сол отыздың аржақ-бержағында жүріп атқарған істері, қалдырған мұралары бүгінгі ұрпаққа әлі күнге дейін үлгі-өнеге, әлі күнге дейін талғажау. Ал біздің айқас, біздің жекпе-жек оның жанында баланың ойыны емес пе?! – деген батырдың сөзі көпшілікті бір сілкіп алды.
Басындағысын айта салмаса, бала – бала бола ма? Бір сәт оқушылардың бірі «Қанат аға, Геннадий жеңілген жоқ қой, иә?» деп төбеден қойып қалды. Ал Исламұлы осы бір сұрақты тосып отырған адамдай, еш саспастан жауап берді:
«Гена – теңдессіз спортшы. Қазақта «ту құламасын...» деген сөз бар. Мен де барлық жанкүйерлер сияқты Головкин жеңілді деп есептемеймін. Ол қасат қарды бұзып, жол салып келе жатқан жеке батыр. Ол біздің – бас батырымыз»
Иә, болар елдің баласы айтар сөз. Қазақ елінің намысын шетелдерде қорғап жүрген кәсіпқой былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға жалғыз шыққанымен, алаң сыртында жұмылған жұдырық екен. Біз осындай ойға қалдық.
Спортшы сондай-ақ оқушыларға кітап оқуға кеңес берді. Өзі де күніне бір сағат кітап оқуды әдетке айналдырғанын айта келе, «спорт – тәннің саулығы, асыл сөз – жанның саулығы» деп түйді.