Өскеменде мейрамхана даяшылары қонақтармен төбелесті
Өскемендегі мейрамханалардың бірінде даяшылар мен қонақтар арасында төбелес болып, пышақтасуға дейін барды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға өткен жылдың тамыз айында болған. Оның анық-қанығы Өскемен№ 2 қалалық сотының материалдарында баяндалады.
Тамыздың бір кешінде А.Алтынбеков пен И. Сейітқазиев (кейіпкерлердің есімі өзгертілген) туысының тойында көңіл көтеріп жүрген. Банкеттен кейін ішімдікке масайған екеуі тысқа шығып, даяшы қыздардың бірімен танысуға ниет танытады. Алайда бойжеткен бұларға назар аудармай, кетіп қалған.
«Тым болмаса телефонының нөмірін алайын» деген оймен Алтынбеков сол мейрамханада даяшы болып қызмет ететін А.Ивановтан қыздың нөмірін беруді сұрайды. Алайда жігіт бас тартқан. Бұған ашуланған Сейітқазиев Ивановты балағаттай бастайды. Алтынбеков болса, басымен даяшы жігіттің бет тұсынан соққы жасайды.
Кенет басталып кеткен төбелеске мейрамхананың тағы екі қызметкері араласып, жігіттерді айыруға тырысады. Осы кезде Алтынбеков көмекке келгендердің бірінің бүйірінен пышақ салып алып, суық қарумен екінші соққыны Ивановтың арқа тұсына жасайды. Бұдан кейін өзі бірден қылмыс орнынан ізін суытқан.
Тәртіп сақшылары оны екі сағаттан кейін құрықтады. Белгілі болғандай, мейрамхана қызметкерлерінің екеуі де жеңіл түрде жарақаттанған екен.
Сот шешімі бойынша, Алтынбеков кінәлі деп табылып, үш жыл бас бостандығын шектеу және 300 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, зардап шеккен екі даяшының әр қайсысына 150 мың теңге мөлшерінде өтемақы төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.