KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 2 м/с, В
495.95 524.37 4.98

Сәпиев емес, алдымен Шоқыр Бөлтекұлы туралы фильм түсірілуі керек

25.01.2019, 09:26 148

Жуықта бір ағамызбен бокс туралы әңгімелестік. Мәшинесінде көк тудың суреті бар қолғап жүр екен.


«Ұлым боксқа барып жүр, сонікі ғой. Қазіргі балалар пафосқа құмар ей. Қазақстанның намысын қорғау үшін барам дейді боксқа. Біз де студент кезімізде боксқа барғанбыз. Бірақ біз өз намысымызды қорғау үшін шынықтық. Бодан елде өстік қой. Біз үшін өз намысымызды қорғау – ұлт намысын қорғау болатын. Тәуелсіздік ұрпағына рахат», - деді әлгі ағамыз.


Ойланатын сөз. Қарап отырсаңыз, совет заманында қалаға табаны тиген қазақ жігіттерінің бәрі спорттан кенде болмаған. Екінің бірі - бокс пен күрестен спорт шеберлігіне үміткер. Кейін жұмыс бабымен аудан-ауданды аралағанда, Катонқарағайдан басқа жерлерде де осылай екенін көрдік. Ол кезде қазіргідей тамыр-таныстыққа жол жоқ. Керісінше, қазақ балаларына спорт шеберлігін орындау саяси тұрғыдан қиын болатын. Болам деген баланың белін бумай, бетінен қағып тұрса да, қазақ жастары спорттан жерімеді. Өйткені үстем ұлтқа басындырмау үшін қара күш аздық етті. Заң да солар жағында. Мұндай қорлықты кезінде кәрістер мен бразилиялықтар да көрген. Билік қару ұстауға тыйым салған соң, таэквондо, капоэйра сияқты жалаң қолға сүйенген ұрыс түрлері пайда болды. Сол өнердің рухы азаттық жолындағы күресте ұлттың басты қаруына айналды. Аттан түсіп, ауылдан қалаға келген қазаққа да сондай өнер қажет еді. Бағымызға Қажымұқан мен Шоқырдай ұлдарды берді Тәңір. Бірі қазақтың қара күшін әлемге паш етсе, бірі қазақ топырағына бокс өнерін әкелді. Сол рухпен суарылған қазақ ұлдары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзгелердің өктемсуіне жол бермеді. Жер-жерден жалы күдірейіп, арлан азаматтар шықты...


Келе-келе бокс ұлт спортына айналды. Ал оны қазаққа алғаш танытқан Шоқыр Бөлтекұлы Қажымұқанмен қатар ұлт батыры атануы керек еді. Ұлт батыры дегеннен шығады, Бауыржан Момышұлы: «Қазақстанда екі-ақ нағыз қазақ бар. Ол - Шоқыр екеуіміз», - дейді екен. Совет заманында құжатына «ов» пен «евті» кіргізбей, «ұлы» сөзін жазғызған, расымен, сол екеуі ғана болыпты.


Шәкірті Әбдісалан Нұрмахановқа айтқан естелігінде жас босанған анасына көршілері қалжа ретінде Каспийден ауланған шоқыра атты балық әкеп бергенін айтыпты. Әкесі Бөлтек ұлына сол балықтың атын ырымдап қойса керек. 1916 жылғы аласапыран заманда туған Шоқырдың бала шағы туралы ақпарат там-тұм ғана. Аштықтың аласұрып, ел ішін тінтіп жүрген шағы. Әулетін балық аулап асырап жүрген Бөлтек ерте көктемде суға кетіп қайтыс болады. Әкеден мұраға қалған ау мен ескекті арқалап Шоқыр да балықшы бала атанады. Қарт Каспий қайсар ұлын өмірдің алдағы сынақтарына осылай шынықтырып жатқан. Тоғыз жасында ол Адай уездік ревкомының шешімімен Ақтаудағы жетімдер үйіне жіберіледі. 1932 жылы анасы көз жұмып, қарындасынан көз жазып қалады.

Жетімдік те, ондағы көрген орысша тәрбие де Шоқырдың қанына батырлар жырымен сіңген рухты сындыра алмады. Алматы базарында жүрген кезінде қара жұмыспен шыңдалған шымыр бозбала ерегескеннің бәрін бір ұрып сұлататын болған. Оның бұл «даңқы» Алматыдағы әуесқой бапкер Владимир Беляниннің құлағына жетеді. Келгеніне бір ай болмай жатып қайсар қазақ үйірмеге 2-3 жыл қатысып үлгерген қаланың жігіттерін шетінен сабай бастайды.


«Шәкең бокспен айналыса бастағанда, Алматыда небәрі екі жұп қолғап болыпты. Соны алма-кезек киіп, бір топ бала өнерге машықтаныпты. Сөйтіп, әрі алғашқы ұстаз, әрі бокстың тұңғыш қарлығашы болған ағамыз отызыншы-қырқыншы жылдары рингте республикамыздың намысын абыроймен қорғады», - деп жазды Әбдісалан Нұрмаханов.


1936 жылы өткен жарыста Шоқырға қарсылас шақ келмейді. Бір жылдан кейін өзі ел біріншілігін ұйымдастырып, 50 спортшының үлкен спорттағы тұсауын кеседі. Ш.Бөлтекұлы жасындай жарқылдайтын шақта екінші дүниежүзілік соғыс басталып, былғары қолғаптың орнына берен мылтық алуға тура келді. Ол үш рет Қазақстан біріншілігін ұтып, КСРО-ның спорт шебері атанған тұңғыш қазақ болып тіркелді. Спорттық мансабында 223 жекпе-жек өткізіп, 199-ын жеңген. 24 жеңілістің 12-сі финалда тіркеліпті. Ал 199 жеңістің 119-ы нокаутпен аяқталған. Осыдан-ақ Шоқырдың ұлты қазақ боксшыларға жол ашу үшін қандай қиянаттардан өткенін аңғаруға болады. 1947 жылы ол қолғабын шегеге іліп, біржола бапкерлікке бет бұрады. Өзі негізін қалаған «Темп» спорт қоғамынан «Динамо», «Спартак», «Медик», «Көмірші» қоғамдары енші алып, бокс күллі қазақ даласына кең етек жая бастайды. Бапкерлік ғұмырында ол 800-ге жуық балаға бокс әліппесін үйретіпті. Соның ішінен Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбдіналиев, Ескендір Хасанғалиев, Асқар Құлыбаев пен Махмұт, Мақсұт, Рашит және Ерік Омаровтар суырылып алға шықты. Бір үйден шыққан төрт ұлдың екеуі КСРО чемпионатының қола жүлдесін ұтты. Е.Хасанғалиев кейін шаршы алаңды сахнаға айырбастаса, Серік Әбдіналиев танымал шенеунік Қырымбек Көшербаевтың бапкері болды. Ал Әбдісалан Нұрмахановтың Шоқыр бастаған істі жалғастырып, тұңғыш Олимпиада чемпиондарын шығарғаны біздің де есімізде. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында ұлттық құрама тізгінін осы Әбдісалан Нұрмаханов ұстаған болатын. Ол баптаған Василий Жиров алтынмен бірге Вел Баркер кубогын иеленсе, Болат Жұмаділов күміс медальды, Ермахан Ыбырайымов қола медальды қанжығалады. Төрт жылдан кейін сол Ермахан «алтын» алып тұрып, Сидней төрінде «аруақ» деп айғай салғанда, бізге аңыз боп жеткен Шоқырдың шақар мінезі тіріліп келгендей көрінген. Ұрпақ сабақтастығы бар еді сол кездегі қазақ боксында. Ал қазір ше?



Шоқыр Бөлтекұлының Қытайға құпия сапар жасағаны туралы көп айтылғанмен, оның жай-жапсары құпия күйінде қалып келеді. Сол сапардан соң НКВД өкілдері боксшыны тәуір мазалапты. Бірде Кабанов деген тергеуші түк таппаған соң, «Фамилияң неге Бөлтеков емес» деп қитығады. Сол кезде Шоқыр «Өйткені мен - Қабанның емес, Бөлтектің баласымын», - деп жауап берген деседі. Жары Нұрсұлу Тапалова қазақтан шыққан тұңғыш балерина болған деседі. Екеуі тек 1954 жылы шаңырақ көтерген екен.


Жуықта Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев туралы көркем фильм түсірілетіні туралы ақпарат тарады. Осы мақаланың жазылуын сол ақпарат жылдамдатып жібергенін несін жасырайық? Кейінгі буынды қойып, қазақ киносының тізгінін ұстап отырғандардың өзі Шоқыр Бөлтекұлын білмегені ме сонда? Әйтпесе, Шоқыр мен Әбдісаланның, қала берді, Бекзат Саттархановтың аруағынан аттап, Серік Сәпиев туралы фильм түсіреміз деуі қай сасқаны? Парламент мінберінен оққағар сұрап жүрген Серік Сәпиевтің фильмдегі бас кейіпкердің орнын осы үш тұлғаның біріне беретін жөні бар еді ғой. Тәуелсіз елде тайраңдап өскен Серік Сәпиевтің чемпиондық жолына қарағанда, кілең күреске толы Шоқыр Бөлтекұлының ғұмыры көрермен үшін де әлдеқайда қызықты, әрі тағылымды болары хақ. Ашаршылық жылдарындағы балықшы ауылдың тіршілігі, жетім балалар үйіндегі өмір, Алматы базарындағы айқастар, шаршы алаңдағы әділетсіздіктер, алаш арыстарымен өткізген қимас сәттер - көркем фильмге таптырмас көріністер ғой.

«Есейе келе Шоқыр екі өнердің қайсысын таңдасам деп ұзақ ойланыпты. Ақыры, қатар алып жүруге бел буыпты. Жаттыға жүріп, қолынан қылқаламды да тастамай, көргенін, ойға түйгенін қағазға түсіре беріпті. Сол жылдары өзіміз жиі баратын балалар мен жасөспірімдер театрының фойесі, Максим Горький атындағы демалыс паркінің аллеялары атақты боксшы Шоқыр Бөлтекұлының суреттерімен безендірілгенін біз білмейтін едік», - деп жазды Ә.Нұрмаханов. Оның суретшілігіне тәнті болған Бейімбет Майлин Ғабдолла Тоқайдың портретін тапсырыспен сызғызған деген дерек бар.


Спорт жанашырлары қазіргі тастүлектердің өз саласынан басқаға бас ауыртпайтын құлтемір болып бара жатқанын жиі айтып жүр. Жеті тіл білген Мұстафа Өзтүрік пен «Ер Қосай» жырын жатқа айтқан Шоқыр Бөлтекұлы оларға үлгі бола алмай тұр. Әйгілі Сейдахмет Бердіқұлов тұңғыш боксшымыздың «Ер Қосайдан» 1899 жол жаңылмай айтқанын тамсана жазған екен. Оның сыртында неміс, араб, украин, орыс тілдерінде еркін сөйлепті. Қолы қалт етсе, республикалық басылымдарда бокс теориясына қалам тербегені және бар. Шәкірті Серік Әбдіналиев ұстазының архивінен бокс тарихы туралы кітаптың қолжазбасын көргенін айтады. Сол мұра әлі ескерусіз қалып келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу