Мемлекеттік қызметшілердің іссапар есебін тапсыруы жеңілдеді
Бұдан былай іссапарға шыққан мемлекеттік қызметшілерге жол жүру билеттерін тапсыру ғана жеткілікті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті.
– Агенттіктің бастамасымен 2018 жылдың 29 желтоқсанында Үкімет қолданыстағы Қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Атап айтсақ, мемлекеттік органдар өздерінің қызмет ерекшелігін ескере отырып, қызметтік іссапарларға жіберудің ішкі тәртібін дербес әзірлеу мен бекіту құқығына ие болды. Мемлекеттік қызметшілерден уақытша тұрған жері үшін қажетті құжаттарды өткізу талабы жойылды, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев.