KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
492.17 522.39 5

25-ші шағын ауданның интернет мәселесі шешілді (видео)

Кеше, 19:30 10 Гульжан Мусина

Осы күнге дейін 25-ші шағын ауданның тұрғындары қала іргесінде тұрғанына қарамастан интернетсіз отырған еді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

25-ші шағын аудан қаланың іргесінде тұрса да аудан тұрғындарына ұялы байланыс пен интернет желісі қолжетімсіз еді. Мұның себебі аудан жер бедері бойынша ойпатта орналасқан. Күні кеше ғана  25-ші  шағын аудан тұрғындарының интернет мәселесі шешілді. Ауданның алғашқы үш тұрғыны үйіне интернет желісін қостырды. 

– Осы ауданда тұрғанымызға сегіз жыл болды. Бұл жерде не ұялы байланыс ұстамайды, не интернет тартпайды. Кеше біздің үйге оптикалық интернет желісін орнатты. Жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз, – деді 25-ші шағын ауданның тұрғыны Гүлмира Бабаханова. 

Қазіргі кезде жұмыс та, сабақ та интернетпен тікелей байланысты болғандықтан, бұл ауданның тұрғындары интернетке мұқтаж еді. Тұрғындардың бұл мәселесі ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасы және Өскемен қаласы әкімдігінің бірлескен жұмысының арқасында шешілді. 

– Біз 25-ші шағын ауданына талшықты-оптикалық желі жүргіздік және алғашқы абоненттерді қосып бастадық. Енді аудан тұрғындары  секундына 300 мегабитке дейінгі интернет желісіне қол жеткізді. Бұл жергілікті тұрғындар үшін жақсы жылдамдық. Олар қазір заманауи цифрлық қызметті, теледидар, интернет, байланыс қызметтерін еркін қолдана алады, - деді «Fast line» ЖШС директоры Антон Буйновский. 

Fast line талшықты-оптикалық интернет желісі қала шетіндегі 19, 20, 21, 22 және 23-ші шағын аудан тұрғындарына да қолжетімді. 

Айта кету керек, интернет желісін қостыру құны 10 мың теңге. Ал ай сайынғы төлем  тарифтеріне байланысты 3,5-7 мың теңге аралығында. 

Интернетті қостыру үшін Fastline.kz сайтына өтіп, өтінім қалдыру керек. 
 

Ақерке Рағызбаева

Видео: Ермек Жиенбеков
Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу