Семейде шетелдік студенттердің саны артты
Соңғы жылдары Семей мемлекеттік медицина университетінде оқитын шетелдік студенттердің саны 15 пайызға артқан, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бүгінде бұл жоғарғы оқу орнында басқа мемлекеттерден келген 643 студент білім алуда. Олардың дені Үндістан, Пәкістан сияқты елдердің азаматы. Солардың бірі – Мохаммад Рафик Каманур. Ол Үндістанның Андра Прадеш штатына қарасты Тирупати қаласында туып өскен. Оның айтуынша, оған қазақ халқының қонақжайлығы ерекше ұнайды екен.
– Хирургия саласы бойынша білім алудамын. Бір жылдан кейін оқуымды тәмәмдап, туған жеріме оралып, ел игілігі үшін жұмыс істейтін боламын, - дейді ол.
Айта кетейік, Семей мемлекеттік медицина университеті 1995 жылдан бастап шетелдік студенттерді де білім нәрімен сусындатуда. Аталмыш жоғарғы оқу орнындағы шетел бөлімі факультеті деканының орынбасары Бақытгүл Шәкірованың айтуынша, мұнда сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған.
– Жиырма жылдан астам уақыт ішінде бұл университетті 500-ге тарта шетелдік студент тәмамдапты. Биыл тағы 100-ге тарта түлек қолдарына халықаралық дәрежедегі диплом алып, өз елдеріне аттанбақ.