Күз келісімен, еліміздің түкпір-түкпірінде жоғарғы білім алу үшін талпынған студенттердің барлығы жаңа оқу жылына аяқ басты. Студенттердің басым көпшілігі өз еліміздің оқу орындарында білім алса, 70 мыңға жуық отандастарымыз шет елдің тәжірибесінен өтуде.
Осы ретте ел болашағы үшін, өз болашағы үшін білім қуған 12 студент киелі Абай жері, Семей қаласынан, әлемнің ең дамыған елдерінің қатарындағы Оңтүстік Корея мемлекетінің Джионгсанг ұлттық ниверситетінде(Gyeongsang National University) жаңа оқу жылын бастадық.
Джионгсанг ұлттық университеті осы елдің ғана емес, дүниежүзінің ең үздік ЖОО қатарына кіреді. Бұл мәртебеге оқу ордасы биоиндустрия, нанотехнология, инженерия, әлеуметтік және заң саласының ғылымдары, педагогика, медицина, архитектура, аэронавтика т.б. салаларда озық білім беру көрсеткіштері арқылы ие болды.
Біз осынау мүмкіндікке Шәкәрім университетінің 4 жылдан астам уақыт бойы Джионгсанг ұлттық университетімен екіжақты келісімнің арқасында ие болып отырмыз. Шет елдің тәжірибесінен өтіп, білім қоржынымызды толықтыру үшін жарты жыл бойы іріктеу кезеңдері мен түрлі емтихандардан, сұхбаттасудан өттік.
Сөйтіп, сайдың тасындай іріктелген 8 студент «Ағылшын тілі және әдебиеті» мамандығын, ал 4 студент «Информатика» саласының қыр-сырын меңгеруге Оңтүстік Корея еліне де келдік. Алғашқы күннен- ақ, бізді Джионгсанг ұлттық университетінде «Бакалавриат 2+2» бағдарламасымен биыл екінші жыл білім алып жатқан 3 студентіміз өз қамқорлығына алды. Олар бізді құшақ жая қарсы алып, Корея халқының тарихымен, салт- дәстүрімен таныстырды.
Мұнда студенттердің сапалы білім алуларына барлық жағдайлар жасалған. Халықаралық талаптарға сай материалдық-техникалық база, ғаламтор мен желдеткіш орнатылған кең бөлмелі, жайлы жатақхана, жаңа заманға сай жабдықталған зертханалар, білікті әрі кәсіби профессорлық-оқытушылық құрам, осының барлығы дерлік білім қуған жастардың оқуға деген ынтасын арттырып отыр.
Бір айта кетерлігі, Корея елінің қалалары өзара тығыз орналасқан. Осы орайда біз демалыс күндері өзіміз білім алған Чинжу қаласынан өзге, Чангвон (Changwon) және Пусан (Busan) қалаларына саяхат жасап, бұл елдің тарихына қанық болып қайттық.
Осыдан тура 1 жыл бұрын, осынау ғажап дүниенің барлығы мен үшін тек арман еді. Алайда, университеттің «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасы нақты қойған мақсат пен Найля Мұқанқызы басшылығындағы «Білім беру бағдарламаларын интернационализациялау» орталығы ұйымдастырған сапалы ағылшын тілі курстары нәтижесінде арманым орындалды. Оңтүстік Корея мемлекетінің ең үздік оқу ошағында алған білімім болашақта халықаралық деңгейдегі сапалы маман ретінде қалыптасуыма септігін тигізері анық.
Білім айдынында еркін жүзіп, ғылым нәрімен сусындаған студенттер - күні ертең айтулы азаматқа айналады. Ол үшін мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, біліктілікті арттыруымыз керек.
Қазақстанның болашағы - елді өрге бастайтын білімді жастарда. Әрбір қазақстандыққа жүкелген Елбасының міндеттерін жүзеге асырып, «Отаным» деп соққан жүрегімнің қалауы - ел игілігі үшін жұмыс істеу.
Малгаждаров Мирас,
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті,
Физика-математика факультеті, информатика және ақпараттық
технологиялар кафедрасы, Т-143 у тобының студенті
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті,
Физика-математика факультеті, информатика және ақпараттық
технологиялар кафедрасы, Т-143 у тобының студенті
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz