KZ
Өскемен
+18°
переменная облачность жел 5 м/с, ОШ
443.35 475.54 4.82

Қой қырқудан Боуэнның сыйлығын ұтқан қазақ

7.01.2019, 03:36 78

Сабыр Терлікбаев Үржар ауданы, Қарақол ауылының жоғары жағындағы Тасөткелде дүниеге келген.  Ол өзінің бала кезін былай деп еске алады:


"Соғыс кезінде марқұм анам барлық күш- қуаты мен ынта-жігерін Жеңісті жақындатуға салды. Күндіз орталықтың малын бағып, түнде соны күзетті. Майданға ірімшік, май жібереді. Табаға қуырғандай қайран тіршілік пысырмай қойсын ба, біртіндеп ширап, етек-жеңімізді жинай бастадық. «Бәрі де Отан үшін, бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен ауылдағы қыз-қырқын, бала-шаға, кемпір-сампыр түгелдей бір кісі болып жұмылды. 1944 жылы «Фондының аттары» деген жылқыларды берді, шешеммен бірге соны бақтық. Қыста шөбін беріп суарамын, астын тазалаймыз. Бір сөзбен айтқанда, тылдағы еңбек көрігін шын мәнісінде қыздырдық».


Тірліктің мойынға салған ауыр жүгінен Сабыр аға мандытып оқи да алмады. Алайда, есепке, математикаға тым жүйрік еді. Тіпті, жайы келсе өз жанынан өлең шумақтарын да төгілдіріп жібереді. Бірде ферма бастығы, өзге ұлттың өкілінің қарамағындағы малшыларға жасаған қиянатына шыдамай үш-төрт шумақ өлең арнағаны бар. Әлгіні естіген ол кейін бірден сабасына түскен.



Ауылда механизатор болып еңбек ететін Сабыр аға ерте көктемде сол тұстағы Қарақол ауылындағы 105 мың қойды қырқу науқанының бел ортасында жүрді. Бұл науқан шағында тіпті, Сабыр Терлікбаев суырылып алға шығады. Өйткені, ол кісі қайшысы зырылдаған атақты қырықтықшы. Және меринос жүнді ақ қойды «қазақша», болмаса «шотайша» емес, жүресінен отырғызып, «орынборша» қырқады. Сонда қойдың жүні бөлінбей, шашылмай түседі. 60-70-жылдары Сабыр ағаның даңқы республиканы қойып, одаққа тарап кеткен еді. Минөтіне бір қой қырқатын оған мына сарғыш тартқан қағаздар куә. Мәселен, мына бір құжаттардың алдына жарты ғасырдан асып кетіпті. «1959 год, 31 октября. За наилучшие показатели в конкурсе по республике присвоено звание «Лучший мастер электромеханической стрижке овец. Министр сельского хояйства (қолы)». Сол сияқты, одақ тұсында шет мемлекеттен келген мына бір бай-манаптың жүлдесі үшінде болған қырықтықшылар сайысында суырылып алға шыққан. «1963. VI. 27. За хорошие показатели в конкурсе по республике по оренбургским способом при Кастекском совхозе Алма-Атинской области при участии чемпиона мира по стрижке овец мистера господина Боуэна, преммирован в сумме 50 рублей. Зам министра Рыбаков». Қой қырқудан жарыстар одақтың әр түкпірінде өтіп, жалауын желбіретіп жатады. Мына бір қағаздарға қарап отырсаң, Сабыр аға Херсон облысы, «Рогачик» совхозында, Қырғызстанның Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында өткен сайыстардың бәрінде де жүлдесіз қайтпаған. Өзіміздің Қазақстанда жастар арасында өткен бір жарыстан белгі. «Қазақстан ЛКСМ орталық комитеті жас қырықтықшылар арасында 1969 жылғы республикалық байқау-конкурста жеңіп шыққан Сабыр Жақсыбеков жолдасты осы дипломмен наградтайды. Қаулы №47 1969 жыл». Бұдан өзге Мәскеудің Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі (ВДНХ), облыс, ауданның Құрмет грамоталарынан көз сүрінеді...


Бүгінде жасы 77-ге келген Сабыр аға Терлікбаев (Жақсыбеков) әлі де тың, өткен күндерден ақтарыла сыр шертеді. «Орден, медаль алуға ұмтылмадым, бауырым. Оларым болды да. Қазір бәрі жоғалған. Өйткені, мінезім де шәлкем-шалыс, әділетсіздікті көрсем,басшылармен бірден байланысам. Ондай адам кімге жақсын...» дейді ол кісі мейірімді, жылы жүзінен шуақ шаша қарап.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив