KAZ Minerals қызметкерлерінің 80 пайыздан астамы вакцина алған
KAZ Minerals Тобының Қазақстандағы барлық өндірістік кәсіпорындарында жалпы қызметкерлердің 80% вакцина салдырған. Сөйтіп, кәсіпорындар қорғаудың жоғары деңгейіне жетті. Бұл көрсеткіш бойынша қызметкерлер саны ең көп өндірістік құрылым – Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыстүстімет» ЖШС көш бастап тұр. COVID-19-ға қарсы вакцинаның екі компонентін де жұмысшылардың 90,9% (6416 адам) алды.
ШҚО-ғы Ақтоғай КБК-де мердігерлерді қоса алғанда, вакцина салдырғандардың саны 7 қазанда 80%-ға немесе 3113 адамға жетті.
Павлодар облысындағы вахталық әдіспен жұмыс істейтін Бозшакөл кеніші де екпе науқанының айтарлықтай қарқынын көрсетіп отыр. Бұл жерде вакцинаның екі кезеңінен 2264 адам өтті – бұл қызметкерлердің жалпы санының 83%. Ақтоғай мен Бозшакөлде вакцинация орындары жергілікті денсаулық сақтау органдарының көмегімен кен орындарының аумағында ұйымдастырылды.
2020 жылы KAZ Minerals Қазақстандағы алғашқы өнеркәсіптік компаниялардың біріболып полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісімен өңдеуге арналған зертхананы іске қосты. Ақтоғай КБК орнатылған зертханада компания мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері тестілеуден өтеді.
Сондай-ақ, компания бүкіл Қазақстан бойынша халықтың осал топтарына әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты және ШҚО мен Павлодар облысындағы медициналық мекемелерді дәрі-дәрмектермен, қорғаныс құралдарымен және жабдықтармен қамтамасыз етті.
«Өндірістік ортада вакцинациялаудың жоғары деңгейіне қол жеткізу – пандемиямен күресте біз үшін маңызды кезең. Қызметкерлеріміз бен мердігерлерімізге вирустың таралуына қарсы күресте қолдау көрсеткені үшін ризамыз. Бұл шаралар кезең-кезеңмен қолайлы жұмыс кестесіне оралуға мүмкіндік береді. Әрине, бұл жетістікке түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуынсыз және көмегінсіз қол жеткізу мүмкін болмас еді және біз сол үшін ризашылығымызды білдіреміз», - дейді «KAZ Minerals Management» ЖШС-нің басқарма төрағасы Эльдар Мамедов.