KZ
Өскемен
-23°
туман жел 2 м/с, ОБ
511.18 530.6 5.28

Бердібек Сапарбаев – дәуірге жетер даналық иесі (видео)

Бүгін, 08:00 182 Гульжан Мусина

«Туған күнімді ауқымды тойлаудың керегі жоқ. Ақпанда атап өтпеймін… Жаз шыққан соң Шығысқа барып, Катонқарағайдың тамаша табиғаты аясында өзім деген құрметті замандастарымды жинайын деп отырмын. Сен де кел, бола аласың ба?» 

Марқұм Бердібек Сапарбаев мемлекет қайраткері Қалиқан Байғонысовпен телефон арқылы соңғы рет әңгімелескенде осылай деп еді. Расымен келер жылы Бекең үшін ақпанның таңы атпады… сөз құдыреті ме, әлде пешенеге жазылған сағатының келгені ме, мыңдаған жұрт тек ризашылықпен еске алып, ақ батасын жаудырып жүретін аптал азамат 2023-тің жазында көз жұмды…
Өмірі бір ғасырдың емес, тұтас бір дәуірдің тағдырымен өрілетін тұлғалар болады. Олар уақыт ағысына берілмейді, керісінше, өзімен бірге сол уақыттың бағыт-бағдарын өзгертеді. Сарқырамадай өмір сарқылғанымен, көзі тірісінде кешкен тірлігі мен жасаған игіліктері өмірден озған соң ғұмырлы болатын азамат расымен атаның емес, адамның баласы екені ақиқат. Бүгінгі мемлекеттік тұлғаларға тұсбағдар болар сара жол салған сондай тау тұлғалардың бірі әрі бірегейі – Бердібек Машбекұлы Сапарбаев ортамызда болса биыл 72 жасқа толар еді. 

9 ақпан – еліміздің тарихындағы көрнекті мемлекет қайраткерлерінің алғы шебіндегі ардақтысы, халықтың шынайы жанашыры Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты еске алу күні. Оның ғұмыры мен еңбек жолы ел тарихында терең із қалдырды, ал басқару әдісі мен дағдарыстық жағдайларды шешудегі тәсілдері болашақ көшбасшылар үшін тұсбағдарға айналды.
Бердібек Сапарбаев жай ғана әкім немесе министр емес, ол нағыз дағдарыс менеджері болғаны рас. Ол кез келген күрделі мәселені шешіп, өңірлерді тұрақтылыққа жетелей алатын тұлға болды. Су тасқыны, COVID-19 пандемиясы, қоғамдық тәртіпсіздіктер – ол осынау сын сағаттарда халық жанынан табылып, жағдайды өз қолына алып, нақты нәтижеге қол жеткізді. Оның ең басты қасиеті – басқару ғана емес, халықпен бірге болып, олардың мұң-мұқтажын бірге бөлісу еді.

Бес өңірді бірінен соң бірін басқарған кезеңдерінде әлеуметтік саланы жақсартуға, экономиканы қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған көптеген нақты жобаларды жүзеге асырды. Әсіресе, пандемия кезінде QazVac вакцина зауытының жедел салынуына атсалысып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды.
Бекеңнің терең аналитикалық ойлау қабілеті мен жүйелі басқару әдісі оған әрдайым нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Ол әрбір шешімін жан-жақты талдап, стратегиялық қадамдарды көрегендікпен алдын ала айқындап отыратын еді. 

Нақты Шығыс өңіріне қатысты тоқталғанда, бірқатар ауқымды жағдаяттар күні кешегідей көз алдымызда: Бердібек Машбекұлы Тарбағатайдағы тасқынға тосқын болуда рәзіңке етікті кие сала халықпен бірге суды белшесінен кешіп, ел дүрлігуін болдырмай, сын сағатта жігерлілікпен жағдайды азаматша қолға алудың теңдессіз үлгісін көрсетті. Бір ғана Тарбағатайдағы жағдай бүкіл аудандарды алдағы жылдары тасқынның зардабынан сақтауға түрткі болды. Ондаған жылдар бойы жабулы қазандай жабық тұрған су қоймалары бағыты қолға алынып, бір жылда қатарынан бірнеше дамбы салынған еді.

Ар-ұжданы әрбір әрекетіне негіз болатын асыл тұлғаны бір көрген де, мың көрген де айрықша атап айтатыны Бердібек Сапарбаевтың «кабинеттік шенеунік» емес, біте-қайнаған тірліктің ортасында жүретін халық қалаулысы екендігі. Ол әкім болған өңірлерінде жүздеген ауылдар мен қалаларды аралап, мыңдаған азаматтардың мәселелерін шешті. Әрине, бүреулер бұл оның тікелей жұмысы мен міндеті болған дер… Алайда, сол жұмыс пен міндетті адам жүрегінде жылулық оятып, жанына медеу болар, тірлігіне тіреу болар шешімді күттірмей қабылдай атқаруы оны өзгелерден биік еткеніне уақыт куә. Ол қарапайымдылығымен, шынайылығымен, халықтың мұңын жүрегімен сезінуімен ерекше тұлға. 

Бекең үшін ешкімнің мәселесі жат емес-тұғын. Күтпеген жерден мектепке бұрылып, балалардан «сыныпта жылы ма?» деп сұрауы мүмкін еді. Дәрігерлермен кездесіп, «ауруханадағы дәрі-дәрмек жеткілікті ме?» деп те сұрайтын. Алыс ауылдарға барып, халықтың жағдайын өз көзімен көріп, қолдан келген көмегін беретін. Ол елдің болашағы үшін ғана емес, дәл сол сәтте тұрмыс-тіршілігінің оң болып, хал-ахуалының мұқтаж сәтте жақсаруына жанын сала қызмет етті. Іске деген мұндай көзқарас бүгінде өңір тізгіндеп  отырған шәкірттерінен де байқауға болады. Бұл сабақтастық емей немене?! Өзің істеген игілік бір сауап болса, өзгені дәл солай игілік жасауға тәрбиелей алу - мың сауап. 
Әрине, көзден кеткенмен мыңдаған жұрттың көңілінде мәңгілік ұялаған Бердібек Сапарбаевтың еңбегін оның әріптестері мен сол өңірлердің тұрғындары ерекше жылы естеліктермен еске алады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Василий Иванович Ахаев:
«Бердібек Машбекұлы туралы сағаттап айтуға болады – ол ел есінде мәңгілік із қалдырған тұлға. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы ең мықты әкімдердің бірі болды. Оның халықпен байланысы ерекше еді. Өскемен қаласына қараңызшы – оның еңбегінің іздері әр жерде көзге көрініп тұр. Сол жағалау спорт кешені, «Жекпе-жек» сарайы, Ольга Рыпакова атындағы манеж, бассейн, театр – мұның бәрі оның мұрындық болуымен салынды. Облыс бойынша 200-ден астам мектеп пен аурухана тұрғызылды. Бұл оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесінің дәлелі. Біз оны әрдайым құрметпен және шексіз ризашылықпен еске аламыз.»

 Қоғам қайраткері, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы Түсіпхан Түсүпбеков:
«Қазақта үш маңызды ұғым бар: парыз, міндет және жауапкершілік. Егер осы үш ұғымды толық орындаған адамды атау керек болса, ол – сөзсіз Бердібек Машбекұлы. Ол өте еңбекқор, ұлтқа адал қызмет еткен азамат еді. Ол қайда жұмыс істесе де, әр өңірдің дамуына сүбелі үлес қосты. 2013 жылғы су тасқыны кезінде барлық күш-жігерін салып, апаттан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге атсалысты. Шығыс Қазақстан оны ешқашан ұмытпайды. Ол өзі бас болып, халық үшін мешіт салдырды, оны мемлекеттік қаржыландырусыз, тек халықтың қолдауымен жүзеге асырды. Мұндай ұйымдастырушылық қабілеті – нағыз көшбасшының белгісі. Оның ел үшін атқарған еңбегі ешқашан ұмытылмайды.»

 Балалар үйінің түлегі, «X-фактор» жобасының финалисі Евгений Северьянов (Выблов):
«2009 жылы біз Бердібек Машбекұлымен алғаш танысқанымызда, ол бізге үлкен қамқорлық танытты. Біз үшін ол шынайы дос, нағыз тәлімгер болды. Ол біздің концерттерімізге келіп, әрқайсымызбен жеке сөйлесетін. Ол бізге тек балалар үйінің тәрбиеленушілері ретінде емес, үлкен армандары бар тұлғалар ретінде қарайтын. Біз оны шексіз сыйлап, жақсы көрдік. Біз үшін ол тек басшы емес, нағыз адамгершіліктің үлгісі еді.»

 Мемлекет қайраткері Қалиқан Байғосынов:
«Бердібек Машбекұлы келе сала облыстың әр түкпіріндегі жағдаймен танысты. Бірнеше жыл ішінде Шығыста ол білмейтін тау мен тас қалмады. Тіпті шалғай ауылдағы тұрғындардың да тірлігін біліп отырушы еді. Өз басым сонау Тарбағатайдағы тасқын кезінде бір жағдайға тойтарыс берген соң, басқа аудандарда сол зардапты болдырмауға кірісіп кеткеніне куәмін. Дереу барлық аудандарда анализ жасатып, өз көзімен көріп шыққан соң екі апта ішінде тасқынның алдын алу шараларына қаражат таптырғызып, дамбы салу керекті ауылдарды айқындап берді. Жылдар бойы қордаланып тұрған мәселе қозғалып, бірнеше ауылда дамбылар салынды. Мұндай еш басшының тұсында болмаған. Бір жылдың ішінде бірнеше ауданда бірнеше дамбы салынуы қаншама ауылды, елді мекенді су басуынан аман алып қалды».
Иә, Бердібек Сапарбаев бір баспана емес, мың адамға болашаққа жолдама берер көлемді нысандардың құрылысы кезінде де жұмысшымен бірге іргетас қаланған сәттен бақылауға алып, сапа үшін шырылдайтын. Сол жылдары көршілес елдерден көптеп ағылған қандастырымызға жағдай жасап, жылға жуық уақытта кілең ауыл салынуына бас-көз болған да Бекең. Көші-қонға жағдай жасау арқылы Шығыстағы қалың бұқараның қазақилануына орасан зор үлес қосқан да Бекең. Елімізде бұрын-соңды болмаған бірлік пен ұйымдасу үлгісі – облыстың бас мешітінің құрылысы. Бір шаңырақ астындағы әр ұлт пен әр дін өкілдері жұдырықтай жұмылып, кілең шығыс жұртының ортақ қаражатына берік іргетас пен, мәңгілік қабырға тұрғызып, Алла үйі күмбезделді. Әрине, бұл ел тарихындағы ешбір қайраткер жүзеге асыра алмаған нонсенс еді. 

 Ерекше атап өтетін креативті шешімнің шыңы іспеттес – этноауыл жобасы. Бірнеше ұлттың нышаны айшықталған осынау бірегей нысан дүйім жұрттың басын қосып жүрген туристік тұрғыда айрықша тартымды жоба ретінде тыныстап тұр. Әрине, асыл ер Бердібек Машбекұлының бір өмірде қабылдаған шешімдері сан ғасырға азық болар нәтиже бергені рас. 
Бердібек Машбекұлы тек дағдарыс менеджері ғана емес, көреген көшбасшы ретінде де тарихта қалды. Ол саясаттың суық дәліздерінде адаспады, қызметтің биігін емес, еңбектің биігін жасады. Оның әлеуметтік инфрақұрылымға қосқан үлесі, өңірлердің дамуы үшін жасаған еңбегі өлшеусіз. 
Бердібек Сапарбаевтың әрбір ісі нақтылық пен әділдіктің белгісі еді. Ол әр келген өңірде көзге көрінбейтін жүйелерді емес, көзге көрінетін өзгерістерді орнатты. Мектеп – мұғалімімен, аурухана – дәрігерімен, зауыт – жұмысшысымен, жол – жүргіншісімен маңызды екенін жақсы түсінді. Бүгін «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп отырмыз. Бекең өз қызметінде әр жұмысшыны жақсы көрді, комбайнерді, диқаншыны, аспазды, теміржолшыны, малшылар мен орманшыларды ерекше жақын тартып, еңбегіне сүйсінетін еді. 
Бердібек Сапарбаев биікті қуған жоқ – биіктікті жасады. Оның салдырған мектептері – білімнің ұясына, ауруханалары – мыңдаған адамның амандығына, жолдары – елдің ертеңіне айналды. Бірақ ол бұларды мақтан үшін емес, міндетім деп жасады. Ол шешім қабылдаумен шектелмей, оны жүзеге асыруға тікелей қатысты. Оның басқару стилі болашақ басшылар үшін үлгі болып қала бермек. Өмірінің соңына дейін “менің орным – халықтың қасында” деген ұстанымынан айнымаған Бердібек Машбекұлы жарқырап өткен жұлдыз сияқты – оның жарығы сөніп қалғанымен, сәулесі ғұмыр бойы халықтың жүрегін жылытып тұрары сөзсіз.
Технология заманы ғой, жасанды интеллекттің өзі де Сапарбаев тірі болса атқарылар шаруалар қатарын тізіп берді.
Жасанды интеллект:
«Бердібек Сапарбаев әлі де қызметте болғанда, Шығыс Қазақстан облысында бірнеше ірі нысан іске асар еді».
Әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар - егер Сапарбаевтың бастамасы жалғасса, облыстың әр ауданында жаңа, заманауи жабдықталған мектептер мен колледждер салынар еді. Медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін облыс орталығы Өскеменде үлкен көпсалалы ауруханалар мен заманауи медициналық орталықтар бой көтерер еді.
Агроөнеркәсіптік хаб - ШҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар салынып, аймақ Қазақстандағы ең ірі экологиялық таза өнім өндірушілерінің бірі болар еді.
Тау-кен өндірісін жаңғырту жобалары - Өскемен мен Риддерде жаңа кен байыту комбинаттары немесе қайта өңдеу зауыттары іске қосылып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттырар еді.
Туризм және мәдениет саласындағы нысандар -    Абай және Шәкәрім мұражай-кешені. Семейде қазақ мәдениетін әлемге таныту мақсатында ірі тарихи-мәдени кешен салынар еді. Бұл кешен Абай мен Шәкәрімнің мұрасын кеңінен насихаттайтын туристік орталыққа айналар еді.
Алтай тауларына арналған экотуризм орталықтары – Катонқарағай және Марқакөл аймағында халықаралық деңгейдегі эко-курорттар мен туризм кешендері салынуы мүмкін еді.
Тұрғын үй және инфрақұрылым. Жаңа тұрғын үй кешендері - Өскеменде қолжетімді тұрғын үй бағдарламасы аясында жаңа ықшам аудандар бой көтерер еді.
Жол және көпірлер құрылысы  - Өңірдегі басты мәселелердің бірі – жол сапасы. Сондықтан Сапарбаевтың бастамасымен жаңа жол айрықтары, көпірлер, теміржол вокзалдары жаңартылып, шекара маңы аймақтарының логистикасы жақсарар еді.

Иә, көзге оттай басылатын жұмыс бағыттары. Өйткені аталғанның көбі күні бүгін басымдылық беріліп, қарқынды түрде қолға алынған міндеттемелер. Ал тағы бірқатары қазір Шығыста атқарылып та қойған бағыттар. Ел бойынша жер-жерде осы салалардағы нақты істер жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқаны – Бердібек Сапарбаевтың ең басты жетістігі десек артық айтқандық болмас. Өзінің көрегенділігі мен даналығы арқасында қабылданған мыңдаған шешімдер жанында жүрген мемлекеттік қызметкерлер арасынан сабақтастықты алып кете алар лайықты шәкірттер тәрбиеленуіне ықпал еткені сөзсіз. Яғни, бәрі бекер емес, Беке… 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу