Expo-2025: Донорлық органдарды сақтауға арналған отандық құрылғы таныстырылды
Юрий Пя жетекшілік ететін UMC Жүрек орталығының дәрігер-зерттеушілер тобы 13 сәуір мен 13 қазан аралығында Жапонияның Осака қаласындағы Дүниежүзілік Expo-2025 көрмесінде «ALEM» атты бірегей жүйені таныстырады. Донорлық жүректі сақтау және тасымалдауға арналған құрылғы «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) құрылғысы – донорлық органдардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт бойы сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық әзірлеме. Бұл Қазақстан сияқты аумағы үлкен елдер үшін аса маңызды дүние. Себебі трансплантология саласындағы басты мәселелердің бірі – ағзаларды дер кезінде жеткізу. Дәстүрлі әдіспен орган небәрі 4-6 сағат сақталса, ALEM технологиясы ағзадағы жағдайға барынша тиімді орта жасап, қажетті температураны сақтап, қанды оттегімен қанықтырып, өмірлік маңызды көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Қиын сәтте пайда болған тың идея қазір тиімділігі мен қауіпсіздігін жануарларға жасалған клиникаға дейінгі зерттеулер барысында дәлелдеген құрылғыға айналды. Танымал кардиохирургтің айтуынша, аталған құрылғыда донорлық ағзаны тек сақтап қана қоймай, қажет болған жағдайда емдеу мүмкіндігі бар. Бұл трансплантация нәтижесін жақсартып, көмекке мұқтаж адамдарға үміт сыйлары сөзсіз.
Медициналық жүйені әзірлеуге инженерлермен қатар кардиохирургтер, перфузиологтар, анестезиолог-реаниматологтар, морфологтар, мейіргер ісі мамандары, зертханашылар және UMC Жүрек орталығының өзге де қызметкерлері атсалысты. Идеядан бастап құрылғыны құруға дейінгі жол бірнеше жылға созылды. Енді алда ALEM жүйесіне клиникалық зерттеулер жүргізу кезеңі тұр.
Мыңдаған адамның өмірін құтқаруға жол ашатын құрылғы Дүниежүзілік Expo-2025 көрмесінде халықаралық қауымдастыққа кеңінен таныстырылуда. Айта кетейік, биылғы көрменің басты тақырыбы – «Designing Future Society for Our Lives»(«Өміріміз үшін болашақ қоғамды қалыптастыру»). «QazExpoCongress» ұлттық компаниясымен безендірілген ALEM жобасы Қазақстан павильонындағы «Connecting Lives» («Өмірлерді біріктіру») аймағында ұсынылды. ALEM-нің 2025 жылғы Expo көрмесіне қатысуы серіктестердің қолдауының арқасында мүмкін болды.
Expo-2025 көрмесіне қатысу – трансплантологияны дамытудың маңыздылығын жеткізу, кәсіби қауымдастықты ортақ мақсат жолында біріктіру, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми және технологиялық әлеуетін көрсету мүмкіндігі. Мұндай пікірді «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыров та алға тартып отыр. Қор кардиология, кардиохирургия және трансплантология салаларында озық технологияларды, білім беру бастамаларын және ағартушылық жобаларды қолдау арқылы инновацияларды дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді.
Жоба авторларының айтуынша, ALEM тәрізді технологиялар дәстүрлі клиникалық шешімдердің шекарасынан шығып, медициналық ғылымның көкжиегін кеңейтеді және озық технологияларды соларға мұқтаж адамдар үшін қолжетімді етеді.
Қосымша сұрақтар бойынша:
8 702 139 09 08, pr@hcf.kz
Алина Альбекова,
PR-менеджер