Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше алты елдің жастары ШҚО-да бас қосты
Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше алты елдің жас көшбасшылары Шығыс Қазақстанда бас қосты. Үлкен Нарын ауылында халықаралық «SCO Youth Dialogue» атты форум өтті, деп хабарлайды AltaiNews.kz.
Алғаш рет ауқымды халықаралық шара мегаполис не ел астанасында емес, дәл осы Шығыс Қазақстан облысында ұйымдастырылып отыр. Бұл – аймақ тұрғындары үшін үлкен мәртебе. Форум – 2024 жылы Астанада өткен «ШОС плюс» саммитінде қабылданған келісімдер аясындағы кең көлемді бағдарламаның бір бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың бірлігі мен жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұрудағы рөлін ерекше атап өткен болатын.
Форумға Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген белсенді де мақсатты жастар қатысты. Кездесу барысында есірткіге қарсы күрес, интернет алаяқтықтан қорғану, экологиялық тәрбие мен тұрақты даму тақырыптары кеңінен талқыланды.
Форум аясында қазақстандық жастар «Таза Қазақстан» акциясын мысалға келтіріп, ел ішінде бұл бастама өмір салтына айналғанын жеткізді. Жастардың айтуынша, бұл тек экологиялық емес, азаматтық санаға серпін беретін қоғамдық қозғалысқа айналып үлгерген.
Шара барысында ортақ мүдде мен идеяға біріге алған шынайы комьюнити қалыптасты. Жастар тек тәжірибе алмасып қана қоймай, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендіктерін білдірді.
Осылайша, «SCO Youth Dialogue» форумы түрлі елдердің жастар ұйымдарының ұзақмерзімді серіктестікке ұмтылысын көрсетіп, ШЫҰ аясында толыққанды жастар қанатын құрудың алғашқы қадамына айналды.
Фото: ШҚО әкімдігі















