ШҚО-да бизнесті цифрлық қолдаудың жаңа шаралары әзірленуде
Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлікті өркендету мен бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюдың жолдары мен болашағы талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімі жаңа жағдайда бизнестің рөлі салық пен жұмыс орындарының көзі болудан әлдеқайда ауқымды екенін атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысында бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға нақты қадамдар жасалуда. Атап айтқанда, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы агроөнеркәсіп, өнеркәсіп және креативті индустрия салаларындағы перспективалы бастамаларға қолдау көрсетіліп жатыр.
Артық рәсімдерді қысқарту, жерге, инженерлік желілерге, мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділікті жеңілдету – үздіксіз жүргізілуге тиіс жұмыс. Дәл осы мәселелерді мемлекеттік органдардың естіп, жедел шешу қабілеті өңірдегі іскерлік белсенділіктің нақты дамуына ықпал етеді.
«Атамекен» ҰКП жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Сергей Шегрин бизнеске қолдау көрсетудің ағымдағы және болашақтағы шаралары бойынша ұсыныстарын білдірді. Ол цифрлық трансформация ашып отырған жаңа мүмкіндіктерге де тоқталды. Атап айтқанда жаңа бизнесті жылдам іске қосу үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған реттеуші-институционалдық шаралар, преференциялар мен жеңілдіктер тізіліміндегі ашықтық, тіркеу рәсімдерін жеделдету, әсіресе инновациялық жобалар мен стартаптар үшін, жаңадан ашылған бизнеске тексерістер бойынша жеңілдік беру және уақытша салықтық «каникулдар» қарастыру, цифрландыру арқылы бюрократияны қысқарту, «ШҚО-да жасалған» бренді идеясын ілгерілету, өңір экспортерлерін қолдау шаралары.
Жақын уақытта әкімдік жанындағы жұмыс тобы бизнес-қоғамдастықпен бірге қолдау шараларының тізбесін әзірлей бастайды. Жаңартылған тетіктер стартаптар мен шағын бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер жасап, өңір экономикасының цифрлық жаңғыруын жеделдетеді деп күтілуде.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова

