Ерлік сабағы: журналистер мен студенттер құтқарушылардың қызметін зерделеді
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай журналистер мен Көлік және тіршілік қауіпсіздігі колледжі студенттері ерекше тәжірибеден өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскеменде ерекше сабақ өтті — микрофон мен камера ұстаған журналистер мен колледж студенттері құтқарушының бір күндік өмірімен таныс болды.
Киім мен техника, түтін мен биік асулар, уақыт пен үрей шынайы төтенше жағдайды еске салды. Қатысушылар үйінді астындағы «жарақат алған» адамды іздеді, өрт сөндірді, биіктен эвакуация жасады, алғашқы көмек көрсетті. Әр тапсырма — өмір мен өлімнің арасы қас-қағым сәт екенін сезіндіретін тәжірибе.
Маған да сол сынақтың бір сәтін бастан кешу бұйырды. Оқу-жаттығу мұнарасына көтерілерде қолыма ауыр манекенді ұстатты. Қолым талып, тынысым жиілеп барады. Биіктігі төрт қабат шамасындағы құрылымға өрлеу оңай емес. Бірақ төменде көмек күтіп тұрғандарды ойлағанда, күш қайдан келгенін өзім де байқамадым. Манекенді жеткізіп, арқанмен түсіру тапсырылды. Сол сәтте, арқанды баяу сырғытып тұрып, оны жай ғана пластмасса емес, тірі адамдай абайлап түсірдім.
Төменде «дәрігерлер» алғашқы көмек көрсетті, біз биіктен қарап тұрып, бір ғана ойға қалдық: құтқарушы үшін әр сәт — шешуші.
Құтқарушы – тек мамандық емес, күн сайын жасалатын ерлік, өзгенің өмірі үшін өз қауіпсіздігіңді тәуекелге тігу. ТЖД ұйымдастырған шараға қатысқан әріптестер мен студенттер бұл кәсіптің қаншалықты күрделі әрі қауіпті екенін, адам өмірін арашалау үшін қандай сын мен қиындықтардан өтуге тура келетінін өз көздерімен көріп, сезінді.
Аударған: Айдос Мырзахметов
Авторы: Дмитрий Чжан
Фото/видео/рилс: Руслан Акматалиев














