KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 5 м/с, В
522.19 606.42 6.47

Ауыл шаруашылығынан туризмге дейін: Күршімнің даму келбеті

4.11.2025, 19:00 184

Алтайдың асқақ сілемдері мен Бұқтырманың мөлдір толқыны түйіскен шекаралық аймақ – Күршім ауданы. Соңғы жылдары мұнда Бұқтырма көпірі салынып, тіршіліктің жаңа тынысы ашылып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсімге көшті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында бекітілген стратегиялық міндеттер Күршімнің де даму бағдарына айналып отыр. Ауданның бүгінгі жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы Күршім ауданының әкімі Мейіржан Қанатбекұлы Әлбеков өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтып өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Күршім ауданы 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі бағыттарында тұрақты өсімге қол жеткізді. Аудан экономикасының деректері оң динамиканы көрсетіп, өндіріс пен ауыл шаруашылығы салалары айтарлықтай серпін алды.

Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 7 млрд 637,7 млн теңгеге жетіп, өсу қарқыны 257 пайызды, ал нақты көлем индексі 211,4 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш – аудан экономикасының өндірістік әлеуетінің артқанын айғақтайды. Өңдеу өнеркәсібі де жоғары нәтижелер көрсетті. Өнім көлемі 6 млрд 201,1 млн теңге, өсім қарқыны 244,8 пайыз, нақты көлем индексі 193,7 пайыз.

Тау-кен өнеркәсібі саласы бойынша да айтарлықтай өсім байқалды – өндіріс көлемі 1 млрд 18,2 млн теңгеге жетіп, өсім қарқыны 1348,6 пайызды, нақты көлем индексі 228,2 пайызды құрады. Яғни, Күршім жеріндегі пайдалы қазбаларды өндіру мен қайта өңдеу саласының белсенділігінің артқан.

Аймақтың басты тірегі - ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 19 млрд 764,5 млн теңгеге жетіп, 121,3 пайыздық өсімге және 108,9 пайыздық нақты көлем индексіне қол жеткізілді. Соның ішінде ауыл шаруашылығының жеке үлесі 19 млрд 32,9 млн теңге, өсім қарқыны 122,3 пайыз, нақты көлем индексі 109,3 пайыз болды. 

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 6 млрд 349,1 млн теңгені құрады. Оның ішінде жеке меншік инвестициялар 5 млрд 519,8 млн теңгеге жетіп, өсім қарқыны 120,4 пайыз, нақты көлем индексі 116 пайыз болды. 

Тұрғын үй құрылысы саласында да ілгерілеу бар. Аудан бойынша 4031 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл көрсеткіш 102,7 пайыздық өсімді білдіреді.

Сауда айналымында бөлшек сауда көлемі 2 млрд 104,8 млн теңгеге жетіп, 108,9 пайыздық өсім көрсетті, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Сонымен қатар, көтерме сауда айналымының көлемі 35,8 млн теңге болды.

2025 жылдың 1 қазанына аудан бюджеті 4 млрд 729 млн теңгені құрады. Оның ішінде трансферттер – 2 млрд 905,5 млн теңге, субвенциялар – 501 млн теңге, ал меншікті кірістер – 1 млрд 322,5 млн теңге.

- Күршім ауданында ауыл шаруашылығы саласы өңір экономикасының басты қозғаушы күші болып қала береді. Биыл жалпы сомасы 19 миллиард 32,9 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 122,3 пайыздық өсім мен 109,3 пайыздық нақты көлем индексін көрсетеді. Мал шаруашылығы бағытында да тұрақты өсім байқалады. Аудандағы ірі қара мал басы 38 803 басқа жетіп, өткен жылғы деңгейден 99,6 пайызды құрады. Оның ішінде сиыр саны 26 590 бас болып, 105,3 пайызға артқан. Ұсақ мал басы 85 867 басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 93 пайыз деңгейінде болса, жылқы саны 21 763 басқа жетіп, 110,4 пайыздық өсім көрсетті. Сүт өндірісі де айтарлықтай артты – 15 159 тонна өнім алынған, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 16,9 пайызға жоғары, - дейді аудан әкімі. 

Ауыл шаруашылығында ветеринария саласы тұрақты дамуы мен халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. ШҚО ветеринария басқармасының «Күршім-Вет» коммуналдық кәсіпорнында бүгінде 11 мал дәрігері, 18 ветеринариялық фельдшер және 16 санитар маман еңбек етуде. 

- Дегенмен, Балықшы, Құйған, Қалғұты және Маралды ауылдық округтерінде төрт бірлік жоғары білімді мал дәрігерінің тапшылығы байқалады, - дейді Мейіржан Әлбеков. - Ауданда бруцеллезге қарсы диагностикалық тексерулер жоспарлы түрде жүргізілді. Нәтижесінде 41 326 бас ірі қара тексеріліп, оның 31-інен оң нәтиже анықталған. Ал 67 609 бас ұсақ малдың ішінде бар-жоғы бір ғана бас ауру жұқтырған. Қайта тексеру барысында 964 бас ірі қара қаралып, 20-сы оң нәтиже көрсеткен. Былтырмен салыстырғанда ауру тіркелу деңгейі айтарлықтай төмендеп, ірі қарада 24 пайызға, ұсақ малда 90 пайызға азайған, - дейді әкім.

Бұдан бөлек, биыл аудан көлемінде сарып ауруынан қолайсыз деп танылған аумақтарда 609 шаршы метр жер залалсыздандырылған. Сонымен қатар, қаңғыбас ит-мысықтарды аулау жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді – жыл басынан бері 195 қаңғыбас ит ауланды. 

Аудан әкімінің хабарлауынша, Күршімде төрт мал сою пункті мен екі мал сою алаңы жұмыс істейді. Сондай-ақ, 15 сібір жарасы көміндісі қоршалып, арнайы белгілер орнатылған. Бұл нысандар толықтай кәсіпорын балансына алынған. 2024 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 23,7 миллион теңге қаражат есебінен көмінділерге күрделі жөндеу жүргізіліп, санитарлық талаптарға сәйкестендірілді.

Айта кету керек, биыл бірқатар аудандарда ветеринария саласының материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай нығайды. Күршімдегі кәсіпорын 6 «Нива», 1 SsangYong Actyon Sports, 2 УАЗ автокөлігі, 1 скотовоз және 1 инсенератормен қамтамасыз етілді. 2025 жылдың тамыз айында қосымша 6 «Газель Соболь», 1 «Шевроле Кобальт», 1 «Джак» және тағы бір «Газель (ДУК)» автокөлігі берілді.

Ауданда кәсіпкерлікті дамыту мен ауыл шаруашылығын қолдау бағытында мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тетіктері кеңінен іске асырылып отыр. Биыл жыл басынан бері мемлекеттік қолдау құралдары арқылы 58 кәсіпкерге 448,6 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. 

- «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша он жоба иесінің құжаттары мақұлданып, оларға 62,5 миллион теңге несие қаражаты бөлінді. Сонымен қатар, «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде екі кәсіпкер 26,6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Мемлекеттік гранттар арқылы он бес жоба иесіне қайтарымсыз негізде 23,6 миллион теңге қаржы берілді. Ал отыз бір шаруа қожалығы лизинг арқылы 37 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, өз өндірісін жаңғыртты. Бұл мақсатқа 335,9 миллион теңге бағытталды, - дейді Мейіржан Қанатбекұлы. 

Күршімнің туризм саласы жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Табиғаты көркем, суы мөлдір, тарихы бай бұл өлке бүгінде туристік әлеуеті жоғары өңірлердің қатарына қосылып келеді. 

- Ағымдағы жылы екі жоба иесіне жалпы сомасы 14 миллион теңге несие берілді. Сонымен қатар, «Атамекен» микрокредиттік ұйымына «Құлын» учаскесінде жаңа туристік нысандар – қонақ үйлер салу жөнінде өтінім жолданған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаралу үстінде тұрған жобалардың жалпы құны 98,6 миллион теңгені құрайды. Олардың қатарында «Керуен Туризм» агроөнеркәсіптік кооперативі – 31 миллион теңге, жеке кәсіпкер Е.Нұрахметов – 9,8 миллион теңге, жеке кәсіпкер «Оразай» – 9,8 миллион теңге, «Інжу» және «Нұргүл–Нұрзат» агроөнеркәсіптік кооперативтері тиісінше 31 және 17 миллион теңге сомасына жобаларын ұсынған, - дейді аудан әкімі. 

Туризм инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды істер қолға алынған. Бұқтырма су қоймасының бойында, Күршім ауылынан небәрі 11 шақырым жерде орналасқан «Құйған Туризм» агроөнеркәсіптік кооперативі жағажай ашып, құтқару мұнарасы мен белгілер орнатқан. Мұнда арнайы курстан өткен екі жергілікті тұрғын құтқарушы ретінде жұмысқа қабылданды. Бастысы, демалыс аймағына дейін қажетті инфрақұрылым толықтай тартылған. Сондай-ақ, Құйған ауылында Бұқтырма жағалауында жеке кәсіпкер А.Алексеевтің бастамасымен қонақ үйлердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл нысан туристер легін көбейтіп, өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға өз септігін тигізуде.

Аудандағы жалпы жер қоры 1 216 969 гектарды құрайды. Оның ішінде 21 182 гектар егістік алқап, 16 031 гектар тыңайтылған жер, 36 934 гектар шабындық және 746 120 гектар жайылым бар. Бұл көрсеткіш Күршімнің табиғи әлеуеті мен аграрлық мүмкіндігін айқын аңғартады.

Мейіржан Қанатбекұлының айтуынша, жер қатынастары бөлімі жыл басынан бері жалпы аумағы 6 458,71 гектарды қамтитын 47 жер учаскесін табыстады. Оның ішінде 453 гектар егістік, 669 гектар шабындық, 5 123 гектар жайылым және 123 гектар өзге мақсаттағы жерлер бар. Бұдан бөлек, 2025 жылы шөп шабу мақсатында өтеусіз негізде 5 жыл мерзімге жалпы көлемі 496,48 гектар болатын 26 жер учаскесі берілді.

- Жер қатынастарын реттеу және пайдалануды бақылау бағытында аудандық жер комиссиясының 15 отырысы өткізіліп, 150 өтініш қаралды. Сонымен қатар, «E-Qazyna» веб-порталы арқылы екі рет электронды аукцион өткізіліп, жалпы ауданы 5,83 гектар жер учаскесі жаңа иелеріне табысталды. Пайдаланылмай жатқан және мерзімі аяқталған 69 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың жалпы көлемі 13 979,7 гектарды құрайды, оның ішінде 108 гектар егістік, 1 096 гектар шабындық, 12 583 гектар жайылым және 191 гектар өзге жерлер бар. Осылайша, жылдық жоспар 107,5 пайызға орындалды. Алдағы уақытта ауданның туристік әлеуетін арттыру мақсатында да жер ресурстары тиімді игерілмек. Құйған ауылынан солтүстік-батысқа қарай 4 шақырым жерде жалпы аумағы 4,9 гектар болатын 49 жер учаскесіне жерге орналастыру жобалары әзірленді. Бұл учаскелер «E-Qazyna» платформасы арқылы демалыс үйлері мен туристік нысандар салу үшін аукционға шығарылмақ, - дейді аудан әкімі. 

Тұрғындардың әл-ауқаты мен өмір сапасын айқындайтын негізгі бағыттардың бірі — әлеуметтік сала. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында Күршімде 787 жаңа жұмыс орнын (оның ішінде 404-і тұрақты, 383-і уақытша) ашу жоспарланған. Бүгінде нақты 746 жұмыс орны (395 тұрақты және 351 уақытша) құрылып, жоспар 95 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіш облыс бойынша орташа деңгейден айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді (облыстық көрсеткіш – 74%).

Мейіржан Қанатбекұлының айтуныша, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау шаралары да жүйелі түрде жүзеге асуда. Биыл аз қамтылған 60 отбасының 312 мүшесіне жалпы сомасы 27,2 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, толық төленді. Оның ішінде 50 отбасыға шартты ақшалай көмек ретінде 21,2 млн теңге, ал 12 отбасыға шартсыз көмек түрінде 6 млн теңгеден астам қаржы берілді. Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы қосымша төлем ретінде 44 отбасының 85 баласына 3,1 млн теңге бөлінді.

Аудан басшысы 651 мүгедектігі бар азамат та ерекше қамқорлықта екенін айтады. Олардың ішінде 1-топтағы — 68 адам, 2-топтағы — 262, 3-топтағы — 277 және 44 бала жастан мүгедектігі бар. Денсаулығында ерекше қажеттілігі бар азаматтардың 26-сы қозғалыс-тірек аппараты бұзылған, 12-сі көру қабілеті нашар, ал 9-ы есту қабілетінде ақауы бар жандар. Биыл тоғыз айда әлеуметтік қорғау мекемелеріне 313 өтініш түсіп, оның ішінде 160 адам сурдо-тифло және гигиеналық құралдармен, 46 адам протездік-ортопедиялық бұйымдармен, 10 адам кресло-арбамен қамтамасыз етілді.

- Бүгінде 131 зейнеткерге аумақтық әлеуметтік көмек көрсету орталығы үй жағдайында қызмет көрсетіп келеді. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай аудан бойынша соғыс ардагерлерінің екі жесіріне 260 мың теңгеден материалдық көмек берілді. Сондай-ақ, 60 тыл ардагеріне арнайы төсбелгі тағылып, қаржылай қолдау көрсетілді, - дейді Мейіржан Әлбеков. 

Инклюзия мен әлеуметтік қолжетімділікті арттыру мақсатында Күршім аудандық әкімдіктің «Аумақтық әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ-сі арқылы инватакси қызметі жолға қойылған. Биыл бұл мақсатқа 28,5 млн теңгеге арнайы автокөлік сатып алынды. Қазіргі уақытта 39 қызмет алушы осы мүмкіндікті пайдаланады, оның ішінде 11-і мүгедектігі бар бала, 28-і — 18 жастан асқан психоневрологиялық патологиясы бар тұлға.



Айдос Мырзахметов 

Фото: Жібек Нұрахмет 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу