Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы төмендеді
Елдің фармацевтикалық нарығында кейбір дәрі-дәрмектердің бағасы арзандады. Бұл — дәрілердің бағасын реттеу жүйесіне енгізілген жаңа тәртіптің нәтижесі. Жаңартылған механизм дәрілердің құнын есептеу барысын ашық әрі түсінікті етуге бағытталған. Қазір елімізде 4994 түрлі дәріге ең жоғары баға шегі бекітілген. Ал рецептсіз сатылатын 1707 препарат енді мемлекеттік реттеуден алынып тасталды. Олардың бағасы нарықтағы жағдайға қарай анықталып, уәкілетті орган тарапынан тұрақты бақылауда болады, деп хабарлайды Altainews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
2025 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті еліміздің барлық 20 өңірінде дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізді. Зерттеу вирусқа қарсы, қабынуға қарсы, бактерияға қарсы, жүрек-қантамыр және асқазан-ішек ауруларын емдеуге арналған ең көп қолданылатын 50 препаратқа қатысты болды.
Қыркүйек айындағы деректер бойынша маусыммен салыстырғанда дәрілердің 34%-ының бағасы орта есеппен 7,8%-ға төмендеген. Ал қазан айында бұл көрсеткіш 50%-ға дейін өсіп, орташа арзандау деңгейі 11,1%-ды құрады.
Бағасы айтарлықтай түскен дәрілердің қатарында Гепар комп. Хеель, Ревмоксикам, Цефяпс, Валмак-Н және Зитмак бар. Бұл препараттар түрлі ауруларды емдеуде жиі қолданылады және халық арасында сұраныс жоғары.
Министрлікке қарасты комитет халықты сапалы әрі қолжетімді дәрілермен қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмек бағасын тұрақты түрде бақылап отырады.
Егер дәріханада заңбұзушылық байқалса, тұрғындар DariKZ немесе Naqty Onim мобильді қосымшалары арқылы, не Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік бөлімшелеріне хабарласа алады.