KZ
Өскемен
-27°
переменная облачность жел 1 м/с, С
510.43 594.86 6.49

«Туған жер – алтын бесігім!»: Зайсандықтар ұлттық рухты асқақтатқан кеш сыйлады

7.11.2025, 20:05 148 Базарова Айгүл

Өскеменде дәстүрлі облыстық «Туған жер – алтын бесігім» жобасы жалғасып жатыр. Бұл жолы облыс орталығына сонау шекара шебінде жатқан Зайсан ауданының өнерпаздары мен қолөнер шеберлері келіп, Өскемен аспанын ән мен жырға бөледі, деп хабарлайды Altainews тілшісі. 

Облыстық филармонияның үлкен залы зайсандық өнерпаздардың гала-концертін көруге келген көрермендерге лық толды.

Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына арналған бағдарлама түрлі тақырыпты қамтып, мазмұны жағынан ерекшеленді. Алдымен облыстық филармонияның кең фоесінде Зайсан ауданының мәдениеті мен тарихынан, өнері мен білім саласынан, бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму барысынан мол ақпарат берген көрме ұйымдастырылды. Қонақтар Зайсанда өндірілген өнімдерден дәм татып, алуан түрлі қолөнер бұйымдарын тамашалай алды.

Зайсандықтардың мәдени іс-шарасын облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, облыстық мәслихаттың төрағасы Денис Рыпаков, облыс әкімінің аппарат басшысы Ерлан Текешов бастаған басшылықпен бірге бүгінде Өскеменде тұратын зайсандық ардагерлер, кезіндегі аудан басқарған азаматтар аралап көрді.

– Бүгінгі кештің басты мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарын Зайсан ауданының қазіргі уақыттағы тыныс-тіршілігімен, мәдениетімен, даму қарқынымен, спортта, білімде, өндірісте жеткен жетістіктерімен толықтай таныстыру. Гала-концертте өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдары ән мен биден шашу шашса, кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырып, ұсынып жатыр. Мұнымен қатар, мәдени күндер аясында дәстүрлі сенбілік жәрмеңке және Maxi Mall сауда орталығында жүзден аса өнерпаз қатысқан үлкен мәдени шара өткізу жоспарда бар, – деді аудан әкімінің орынбасары Ермек Қорабаев.

Кешке жиналған көрерменнің қарасы қалың. Әсіресе, зейнеткерлер мен Зайсанның байырғы тұрғындары мен студенттер келгенін аңғару қиын емес.

– Зайсан ауданының тумасымын, қазір Өскеменде тұрамын. Туған жерін сағынған әр адам бүгінгі кештен ерекше әсер алды деп ойлаймын. Жерлестерімізге қолдау көрсету үшін арнайы келдік. Көрме де, әншілердің өнері де, Абай шығармаларын ұлықтаған қойылымдар да, халықтық «Мұрагер» ұлт-аспаптар оркестрінің өнері де көңілімізден қатты шығып жатыр. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамыз, – дейді Еркін Мұратханұлы.

Кеш шымылдығы Ұлы Абайдың қара сөздерінен құрылған прологпен түріліп, аудан өнерпаздары халық әндерін, би қойылымдарын жұртшылық жүрегіне жеткізе орындады.Туған өлкенің дәстүрі мен рухын ерекше ілтипатпен жеткізді. Әдемі кеш еліміздің екінші әнұранына айналып кеткен Ескендір Хасанғалиев ағамыздың әйгілі «Атамекен» әнімен мәресіне жетті.


Дәурен Аллабергенұлы

Фото: Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу