Нұрғисаның ғасырлық тойы: жүректерді тербеткен мәңгілік сарын
Залда бір сәт үнсіздік орнады... Экраннан Нұрғиса Тілендиевтің жылы жүзі көрінгенде көрермендердің көзіне жас үйірілді. Себебі бұл тек еске алу кеші емес, тұтас бір дәуірдің үнін, ұлттың рухын тірілткен кеш еді. Ұлы сазгердің асқақ тұлғасы, өрелі өнері, елін сүйген жүрегі сахна төріне оралғандай әсер қалдырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Пушкин атындағы облыстық кітапханада өткен «Өз елім!» атты әдеби-концерттік кеш қазақтың маңдайына біткен біртуар композитор, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналды. Ұлт руханиятының шамшырағы атанған тұлғаның мұрасы – қазақтың болмысымен біте қайнасқан, ұлт жүрегіне мәңгілік ұялаған қасиетті қазына.
Нұрғиса Тілендиев – қазақ сазының сайыпқыраны, ұлттық музыка аспанында жарқыраған жарық жұлдыз. Оның қаламынан туған бес жүзден астам туынды, қырықтан аса пьеса мен жиырмадан астам фильмге жазылған музыкалары бүгінде халық жүрегінен мәңгілік орын алған.
Кеш барысында көрермендер композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликті тамашалап, оның өнердегі өрнекті іздеріне тағы бір мәрте үңілді.
Кештің құрметті қонағы – Байжігіт атындағы облыстық қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Шалқар Рысханов Нұрғиса Тілендиевтің ұлттық музыка мәдениетіндегі ерекше орнын айта келіп, оркестр ұжымының өнері мен дәстүр сабақтастығы жөнінде әсерлі ойларымен бөлісті.
Кештің концерттік бөліміне ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің әртістері қатысып, көрерменге қазақ музыкасының алтын қорынан туындылар ұсынды. Сонымен қатар Нұрғиса Тілендиев пен Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылық үндестігінен туған «Құс қайтып оралды Алматыма» әнін Гүлзат Ағзамбекқызы әсерлі орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Кеш соңында жүргізуші: «Осындай ұлы тұлғалар барда – ұлт рухы өлмейді. Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мұрасы қазақтың жүрегінде жаңғыра береді» деп түйіндеді.
Музыка мен рухтың, өнер мен ұлттың тоғысқан бұл мерейтойлық кеш көрермендерге ерекше әсер мен рухани қуат сыйлады.
Ержан Әбіш
Фото: кітапхана


