«Шығыс Бизнес»: жаңа бағдарлама – жаңа мүмкіндік
Облысымызда биылдың өзінде 63 мыңнан астам кәсіпкер белсенді жұмыс істеп, 177 миллиард теңгеден аса салық төлеген. 150 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған шағын және орта бизнес аймақ экономикасының төрттен бірін қалыптастыруда. Өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жобалар жүзеге асып жатыр. Пайыздық мөлшерлемесі төмен несиелер, қайтарымсыз гранттар мен инфрақұрылымдық қолдау – мұның бәрі Шығысты шағын бизнестің орталығына айналдырып келеді. Ал аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен іске қосылатын «Шығыс Бизнес» бағдарламасы өңір кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндік есігін айқара ашпақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан экономикасының серпінді дамуы бүгінде нақты сандармен дәлелденіп отыр. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық қуаты мен халықтың әл-ауқаты тікелей шағын және орта бизнестің ілгерілеуімен байланысты екені айқын. Бұл сала – жаңа идеялар мен еңбекқор бастамалардың ордасы. Қазір облыста осы бағыттағы жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде кәсіпкерлік жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Досжан Болатбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Облыстың кәсіпкерлік және индустрия басқармасы бизнеске арналған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда белсенді жұмыс жүргізуде. Негізгі басымдық бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағытталған өндіріс орындарын дамыту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға берілген.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нақты нәтиже беріп отыр. Ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер 177,1 млрд теңге салық төлеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,2%-ға көп (2024 жылы 114,1 млрд теңге болған). Өндірілген өнім көлемі – 1,1 млрд теңге, бұл да 32,8%-ға жоғары (2024 жылы – 828,1 млн теңге). Нақты көлем индексі – 121,6%, яғни нақты өсім бар. Бұдан бөлек, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі биылғы 9 айда 366,6 млрд теңгені құрап отыр. Бұл да былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға артық (2024 жылы – 328,4 млрд теңге).
Бүгінде шағын және орта бизнес саласында 152 753 адам еңбек етеді. Бұл санның артында мыңдаған отбасылардың тұрақты табысы, жаңа кәсіби дағдылар және жергілікті экономиканың шынайы қуаты тұр.
Кәсіпкерліктің табысты дамуы бір ғана мемлекеттік бағдарламаға емес, кешенді көзқарасқа байланысты. Шығыста бұл тетік дәл жұмыс істеп тұр. Қаржылай қолдау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, бизнес-бастамаларды ынталандыру – барлығы экономиканың тұрақтылығын арттырып, халықтың әл-ауқатына оң әсер етуде. Мәселен, өндіріс пен қызмет көрсету саласында жаңа жобалар іске қосылып, ауылдық жерлерде де шағын кәсіпкерлік белсенділігі артып келеді. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті төмендетеді.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан – тек өнеркәсіп пен табиғи ресурстарға ғана емес, өз ісін ашып, ел экономикасына үлес қосып отырған мыңдаған кәсіпкерлерге сүйеніп отырған аймақ. 63 мыңнан астам шағын бизнес субъектісі, 150 мыңнан аса жұмыспен қамтылған тұрғын, жүздеген миллиард теңге инвестиция мен салық – бұл сандардың барлығы өңірдің дамып келе жатқанын көрсетеді. Экономикалық өсу көрсеткіштері мен кәсіпкерлік белсенділік Шығыс Қазақстанның әлеуеті зор екенін дәлелдеп отыр. Мемлекет пен кәсіпкердің ынтымақтаса жұмыс істеуі – бұл тұрақтылықтың, дамудың және өркендеудің басты кепілі.
Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында мемлекет пен өңір әкімдігі тарапынан бөлінген қаражат жыл сайын артып келеді. Биыл осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге бағытталған. Бұл қаржы жүздеген кәсіп иесіне нақты серпін беріп, жаңа жобалардың өмірге келуіне жол ашты. Жыл басынан бері 133 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды.
Мұндай нақты деректер Шығыста кәсіпкерлікті қолдаудың жүйелі әрі нәтижелі бағытта жүріп жатқанын дәлелдейді. Қаржылай демеу алған кәсіпорындардың арасында өндірістің барлық саласын қамтыған жобалар бар. Биыл өңір экономикасының белсенді нүктелерінде бірқатар ірі өндіріс орындары жаңғыртылып, жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Солардың қатарында Өскемен арматура зауыты әртүрлі крандар, клапандар мен вентильдер шығаратын өндірісті кеңейтті, Өскемен май-экстракциялық кешені май өнімдерін өндіру желісін жаңғыртты, Гуманитарлық-техникалық колледж Шемонаиха ауданында жаңа мектеп-гимназияның құрылысын қолға алды, «Еврогидросервис» ЖШС резеңке және пластмасса бұйымдарын шығаратын өндірісті ұлғайтты, «Софищенко» жеке кәсіпкерлігі (ЖК) Глубокое ауданында қонақ үй бизнесін дамыту мақсатында коммерциялық нысан сатып алды, «Қайратов» ЖК Алтай ауданында демалыс базасын ашып, өңірлік туризмге үлес қосуда. Бұл жобалар – тек инвестиция мен өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жұмыс орындарын ашып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға жол ашқан нақты істердің нәтижесі.
Өткен жылы бөлінген гранттық қаржыландыру биыл да нақты нәтижесін беруде. Мәселен «Евженкова» ЖК Өскеменде пайдаланылған әйнекті қайта өңдеу цехын іске қосты, «Кирюхов» ЖК балабақшаларға арналған дамытушы ағаш ойыншықтар шығаратын цехты ашты, «Ғажайып ел» арнайы мектеп-балабақшасы аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға арналған мультимедиялық сыныпты жабдықтады. Бұл жобалар – кәсіп пен қоғамның әлеуметтік жауапкершілігі үйлескен үлгілі бастамалар.
Кәсіпкерлікті дамытудың маңызды бөлігі – инженерлік инфрақұрылым. Осы жылы «Гранд Фиш» ЖШС жобасы бойынша Ермаков ауылынан Таловский бұғазына дейінгі электр желілерін салу жұмыстарына 83,3 миллион теңге бөлінді. Бұл – Шығыс Қазақстандағы балық шаруашылығы мен экотуризмді дамытуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастама.
Қаржыландырудың баламалы тетіктері де табысты жүзеге асуда. Облыста «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен жергілікті әкімдік бірлесіп «Ақ-Ниет» өңірлік жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске асыруда. Осы жылдың 9 айында аталмыш бағдарлама аясында 146 жоба қаржыландырылып, жалпы 1,8 миллиард теңге несие берілген. Бұл – ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік.
Жаңа бағдарлама екі негізгі қаржыландыру тетігін қамтиды. 20 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі жобалар «Oskemen-Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы, 20 мың айлық есептік көрсеткіштен жоғары жобалар «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырылады.
Несиелер келесі бағыттар бойынша беріледі – моноқалалардағы қызмет көрсету саласы, ағаш өңдеу және жиһаз өндірісі, балық шаруашылығы мен аквамәдениет, өзен көлігі, кеме жасау және жөндеу, арнайы техника мен жабдықтар өндірісі, тау шаңғысы және экотуризм, марал шаруашылығы, фитотерапиялық дәрі өндіру.
Қазір бағдарлама шарттары келісу үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданған. Оның жүзеге асуы Шығыста экономиканың стратегиялық салаларын жандандырып, жаңа инвестициялар мен жұмыс орындарын қалыптастыруға ықпал етпек.
Шығыс Қазақстан бүгінде кәсіпкерлікті қолдау арқылы экономикасын әртараптандырып, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Осы жылдың нәтижелері көрсеткендей, аймақ бизнесті дамытуда нақты әрі нәтижелі саясат жүргізіп отыр.
Ержан Әбіш

