Оқу жылы басталғалы бері 1,1 миллионнан астам ата-ана педагогикалық қолдау көрсету орталықтарының көмегіне жүгінді
Жаңа оқу жылы басталғалы педагогикалық қолдау орталықтары 33 мыңнан астам сабақ өткізіп, оған 1,1 миллионнан астам ата-ананы тартты. Бұл – еліміздегі ата-аналардың тәрбие беру мәдениетін жақсартуға деген жоғары қызығушылығының белгісі деп хабарлайды Altainews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанда ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау орталықтарының 3.0 нұсқасы табысты жүзеге асып, ел көлемінде отбасылық тәрбиенің сапасын арттыруға бағытталған кең ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бағдарламаның басты мақсаты – саналы ата-ана болу дағдыларын қалыптастыру, мектеп пен отбасы арасындағы сенімді байланыс орнату және баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Сабақтарды арнайы дайындықтан өткен педагогтер мен тәжірибелі психологтар жүргізеді. Олар ата-аналарға балалармен дұрыс қарым-қатынас орнату, қиын жағдайларда қолдау көрсету, олардың эмоционалды әлемін түсіну сияқты маңызды бағыттарда кәсіби кеңес береді.
Бағдарлама аясында ең танымал екі тақырып айқындалды. Біріншісі – «Тәрбиелеу – жеке үлгі арқылы». Бұл бағытта ата-аналар баланың мінезі мен әдеттері көбіне ересектердің іс-әрекетін қайталау арқылы қалыптасатынын ұғынады. Екіншісі – «Балалардың қауіпсіздігі – ересектердің қамқорлығы». Мұнда қауіптің алдын алу, интернет қауіпсіздігі, баланың шекарасын дұрыс түсіндіру секілді мәселелер қарастырылады.
Педагогикалық орталықтар жүргізген сауалнама нәтижелері бағдарламаның тиімділігін нақты көрсетіп отыр. Сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 72,6% – баламен күн сайын сөйлесуді әдетке айналдырғанын, 89,6% – бала қиындыққа тап болғанда дер кезінде әрекет етуді үйренгенін, 78% – баласының ортасын, достарын және қызығушылықтарын жақсырақ тани бастағанын айтқан.
Сонымен бірге әрбір екінші ата-ана өз тәрбиелеу тәсілін қайта қарауға дайын екенін жеткізсе, ата-аналардың үштен бірі баласының оқуына, шығармашылық және мәдени дамуына белсендірек араласа бастаған. Бұл – бағдарлама қоғамда белсенді ата-аналық мәдениет қалыптастыруда ерекше рөл ойнап отырғанын көрсетеді.
Ата-аналарға педагогикалық қолдау орталықтары алғаш рет 2023 жылы «Адал Азамат» бағдарламасы аясында елдегі барлық мектептерде ашылды. Жоба отбасылық тәрбиені нығайтуға арналған практикалық құралдарды ұсыну, ата-аналардың психологиялық және педагогикалық сауаттылығын арттыру, мектеппен байланысын күшейту мақсатында құрылды.
Орталық жұмысы тек лекциялар мен тренингтер өткізумен шектелмейді. Көптеген өңірлерде топтық талқылаулар, отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа арналған практикалық жаттығулар, балалардың эмоционалды жағдайын тануға бағытталған тренингтер ұйымдастырылады. Бұл сабақтар ата-аналарға бір-бірімен тәжірибе алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, педагогикалық қолдау орталықтарының 3.0 бағдарламасы Қазақстандағы отбасы институтын күшейтуге, ата-аналық жауапкершілікті арттыруға және балалардың эмоционалды-әлеуметтік дамуына оң ықпал етуде. Бағдарлама жалғасқан сайын саналы ата-аналық мәдениеті қоғамның маңызды құндылығына айналары сөзсіз.
Қуаныш Рахметоллаұлы