KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, Ю
522.38 612.6 6.54

Жыл басынан бері қазақстандықтар жәрмеңкелерден 7,9 мың тонна өнім сатып алған

27.11.2025, 10:00 113 Ержан Әбіш

Еліміздің өңірлерінде өткен демалыс күндері дәстүрлі республикалық ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Бұл жолы шараға 1300-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер қатысып, жәрмеңкелерге келушілердің жалпы саны 170 мың адамға жуықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұрғындардың негізгі сұранысы ет өнімдеріне бағытталғаны байқалды. Жалпы алғанда, жәрмеңкелерде 300 тоннадан астам сиыр, қой, жылқы еті сатылды. Сиыр етінің бағасы келісіне 2 500-3 500 теңге аралығында ұсынылды.

Республиканың барлық аймақтарында өткен жәрмеңкелерде еттен бөлек көкөністер, жеміс-жидектер, жарма өнімдері, сүт тағамдары және басқа да азық-түлік түрлері мол көлемде сатылды. Ең сұранысқа ие және қолжетімді тауарлар арасында картоп, сәбіз және пияз ерекше көзге түсті. Орташа бағалар: картоп – 200 теңге, сәбіз – 250 теңге, пияз – 220 теңге. Тұрғындар жәрмеңкенің басты артықшылықтары ретінде өнімнің сапасын көріп таңдау мүмкіндігін, бағаның нарықтан төмен болуын және тауарлардың тікелей өндірушіден жеткізілуін атап өтті.

Өскемен қаласында сенбі күні бірден бес ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға Марқакөл өңірінің фермерлері белсенді қатысты. Олар қала тұрғындарына 2 тонна сиыр етін келісін 3 000 теңгеден, 3 тонна жылқы етін 2 800 теңгеден, 3 тонна қой етін 3 200 теңгеден жеткізді. Сонымен бірге бал, ірімшік, қаймақ, сары май және өзге де табиғи өнімдер қолжетімді бағамен сатылды.

Қаланың басқа алаңдарында өткен жәрмеңкелер де өнім түрінің молдығымен ерекшеленді. Бір күннің ішінде қала тұрғындары шамамен 5 тонна сиыр еті, 4 тонна жылқы еті, 5 тонна қой еті, 10 тонна көкөніс, 2 тонна құс еті және басқа да бірнеше тонна ауылшаруашылық өнімдерін сатып алған.

Жәрмеңкедегі бағалар нарықтағы орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен болды. Мәселен, картоп – 200 теңге, сәбіз – 150 теңге, қырыққабат – 140 теңге көлемінде ұсынылды.

Жыл басынан бері республика аумағында 504 ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда жалпы көлемі 7,9 мың тонна өнім саудаланған. Сатылымның жалпы ақшалай көлемі 5,3 млрд теңгені құрады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер азық-түлік бағасының тұрақтануына, отандық өнімге деген сұраныстың артуына және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысын ұлғайтуға оң әсерін тигізіп отыр.

Ауылшаруашылық жәрмеңкелерінің тұрақты түрде өткізілуі – халықтың сапалы әрі қолжетімді азық-түлікке қол жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі. Сауда алаңдарының кеңеюі мен жеткізушілер санының артуы алдағы уақытта жәрмеңкелердің ауқымы одан әрі ұлғаятынын көрсетеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу