KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

Педагогтер психологиялық қысымға қарсы дабыл қақты: ШҚО әкімдігі мәселені майшаммен қарамақ

3.12.2025, 16:30 172 Айдос Мырзахметов

Риддер қаласындағы білім шаңырақтарының бірінде қалыптасқан жағдай педагогтер арасында алаңдаушылық тудырды. Мектеп ұжымы аудандық білім бөлімі басшысының тарапынан психологиялық қысым күшейіп, білім ошағының ішкі ахуалына теріс әсер етіп отырғанын жеткізуде. Ал ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі қалаға арнайы тексеру тобы шыққанын мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілерде Риддер қалалық №11 Жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдері ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановқа, Риддер қаласы әкімі Думан Рахметқалиевке үндеу жариялады.

- Біздің мектеп ұжымы Сізге аса маңызды және өзекті мәселе – мектебімізге көрсетіліп отырған психологиялық қысымды болдырмау жөнінде жүгінуді қажет деп санайды. Біз барлық ұстаз өздерін мектепте қауіпсіз сезінуге, қолдау, құрмет және түсіністік алуға құқылы деген ортақ пікірдеміз. Кез келген психологиялық қысым түрлері – кемсіту, қорқыту, балағаттау немесе елемеу – біздің білім беру ұйымының құндылықтарына қайшы және мүлдем жол берілмейді. Риддер қаласы білім бөлімінің жаңа басшысы қызметке келгеннен кейін мектебімізге қатысты негізсіз тексерістер басталды. Бұған 2 «А» сынып жетекшісі, яғни, аталған басшының қызы, тарапынан оқушыға қол жұмсау фактісіне байланысты орын алған жағдай себеп болды деп санаймыз. Ата-аналар шағымына тиісті органдар тарапынан реакция болғанына қарамастан, ол ешқандай жауапкершілікке тартылмады. Нәтижесінде барлық кінә мектеп директорына жүктелді. Осы оқиғадан кейін тексерістер жиілеп, ұжымдағы психологиялық ахуалдың нашарлауына әкелді, - деп басталған арызда.

Мұғалімдер Оқу-ағарту министрі мен облыс әкіміне қолдауға мұқтаж екендерін ашық айтып, педагогтерге қатысты ар-намысты қорлайтын жағдайлардың болғанын жеткізіп отыр.

Ұжым мұндай әрекеттердің мектептің ішкі моральдық-психологиялық климатын айтарлықтай нашарлатқанын алға тартып отыр.

- Президентіміздің тамыз конференциясында айтылған «Мұғалімдерді қолдау» сөзін, педагог мәртебесін аяққа таптап, сапалы білім беруге кедергі келтіруде. Осыған байланысты, аталған фактілерге қатысты тиісті шара қолдануды, жағдайға құқықтық баға беруді және «Педагог мәртебесін қорғау» бойынша қолдау көрсетуді сұраймыз, - дейді ұстаздар. 

ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі жарияланған үндеуге қатысты ресми ақпарат берді. Онда аталған қалаға арнайы комиссия барғанын, мәселенің объективті қаралатынын жеткізді. 

- Риддер қаласы білім бөліміне қарасты №11 жалпы білім беретін мектеп ұжымы тарапынан түскен өтініш бойынша Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдерінен құралған жұмыс комиссиясы құрылды. Комиссия айтылған мәселелерді объективті қарау үшін оқиға болған жерге шықты, - делінген.

ШҚО білім басқармасы мектеп ұжымының көтерген мәселелерін тексеру, тараптардың барлық уәждерін тыңдау және нақты мән-жайларды анықтау бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

- Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының арнайы жұмыс тобы Риддер қаласына барып, жағдайды зерделеу жұмыстарын бастап кетті. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі. Барлық ұстаздар жұмыс орнында, сабақ процесі қалыпты режимде жүріп жатыр. Оқу үдерісі тоқтаусыз ұйымдастырылған, - деп мәлімдеді басқарма.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу