KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 4,8 м/с, ОШ
481.84 531.33 5.07

"Қайтпас қайсар кеншілер". Жезкентте шахтёрлердің монументі пайда болды

23.10.2020, 11:28 92

Шығыс Қазақстан облысының Жезкент елді мекенінде шахтерлерге арналған «Қайтпас қайсар кеншілер» атты даңқ монументі орнатылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Осындай ескерткіш орнату туралы сөз бірнеше жыл бұрын облыс әкімінің Орлов өндірістік кешенінің қызметкерлерімен кездесуінде қозғалған болатын. «Кәсіп Қорған» кәсіподағының өкілдері аймақ басшысына кеншілердің құрметіне ескерткіш орнату туралы өтініш білдірген еді. Бұл ұсынысты «Шығыстүстімет» ЖШС басқарма басшысы Ильсур Даутов қолдап, жобаға қаржылай көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген.



– Әуелі жұмыс құны қанша болатынын есептеп көрдік. Әлбетте аз қаражат емес еді, бірақ еш айнымадық. Өйткені мен үшін бұл істің орны бөлек. Бүкіл саналы ғұмырым осы елді мекенде, кеніште өтті. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін де ескерткіштің маңызы зор екенін білемін, – дейді Ильсур Даутов.


WhatsApp Image 2020-12-02 at 15.03.41 (1).jpeg


Монументтің құрылысы мен жобалануына 15 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Монументтің биіктігі 6 метрге дейін жетеді, ал шахтердің мүсіні 2,5 метрден асады. Фигура ұрып-қағу технологиясымен жасалған. Бұл тіпті тәжірибелі шеберлер үшін күрделі жұмыс деп саналады. Монументті жасауға шамамен бір жыл уақыт кетті. Ескерткіштің авторы - аймақтағы танымал мүсінші Евгений Непьянов.


WhatsApp Image 2020-12-02 at 15.03.41.jpeg


– Мен бұл жұмысты қуана қабылдадым. Себебі менің әкем де кенші болған. Зырян қаласында жұмыс істеген. Үңгуші болып бастап, кеніштің бас механигі лауазымына дейін жетті. Мен бұл туындыны әке рухына арнадым деп те айта аламын. Өзіме де жас кезімде шахтада істедім. Күн сайын шахтаға түсіп, елдің игілігі үшін пайдалы қазбаларды өндіретін адамдардың еңбегін жете түсінемін, – дейді мүсінші.


Өкінішке орай, ескерткіштің құрылысын пандемия біршама тежеген. Алайда жұмыс тобы айтарлықтай шапшаң қимылдады. 16 қазан күні монумент дайын болды. Монумент маңындағы аумақты абаттандыруды Жезкент кентінің әкімдігі қолға алды.

WhatsApp Image 2020-12-02 at 15.03.42 (1).jpeg

Жезкенттіктер кеншілерге арналған ескерткіш орнатылуын қатты күтті деуге болады. Мәселен, халық кеншілер күнін тойлаған кезде даңқты жұмысшыларды еске алып, гүл шоқтарын қоятын орын да болмаған еді.


– Менің күйеуім шахтада 15 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Қазір ол кеніштің учаске шебері. Мұндай ескерткіш ауылға қажет деп санаймын. Шахтерлердің ерен еңбегі еленді деп білемін, – дейді ауыл тұрғыны Гаухар Мұздыбаева.

– Менің күйеуім мен ұлым шахтада жұмыс істейді. Ескерткіш орнату жақсы идея болды. Мұның жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Енді біз мереке күндері монументке гүл шоқтарын апарып қоя аламыз – деді Минар Нұрғазина.

– Кеншілердің жұмысы өте ауыр. Оны көзімізбен көріп жүрміз. Оларға қарап балалар бой түзейді. Сол себепті бұл монуметтің болғаны маңызды. Кеншінің жары ретінде мен өте қуаныштымын – дейді Айгүл Хабулинова.

WhatsApp Image 2020-12-02 at 15.03.42 (2).jpeg


– Біздің елді мекеннің негізі 1974 жылы қаланды. Ал кеншілердің ерен еңбегін еске салатын ескерткіш күні бүгінге дейін болмады. Қазір бәрі басқаша, керемет мүсін елді мекенге көрік беріп тұр, – дейді Игорь Бубнов.

Өкінішке орай, елдегі эпидемиологиялық жағдай ескерткішті қауым болып ашуға жол бермеді. Алайда, ескерткіш орнатылды және компания мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері барлық сақтық ережелерін орындай отырып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив