Қыста - хоккей, жазда - футбол. Аула ішінде спорттық нысан пайда болады – Өскемен
Бүгін Өскемен әкімі Жақсылық Омар қаладағы Назарбаев даңғылы, 21 мекенжайындағы хоккей қорабы салынып жатқан аула аумағын көріп қайтты.
– Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тұрғындардың тілектерін ескере отырып, түрлі жобаларға миллиард теңгеге жуық қаражат бөлдік. Маңызды бағыттардың бірі – аула аумақтарын абаттандыру. Қала тұрғындары аулалардың бірінде хоккей қорабын жасап беруді өтінді. Біз олардың ұсынысын қолдадық. Қазірдің өзінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Нысан алдағы бір жарым айда дайын болады», – дейді Жақсылық Омар.
Сондай-ақ, қала әкімі құрылыс сапасын тек әкімдік қана емес, осы аула тұрғындары да қадағалайтынын атап өтті.
Мердігер ұйымның өкілі Олег Генадиевич түсіндіргендей, шайба қорабтан ұшып кетпес үшін темір тормен қоршалады. Сондай-ақ болашақ алаңға жарықтандыру жұмыстары да жүргізілмек.
Бір қызығы, бұл нысанда қыста хоккей ойнауға болатын болса, жазда да футбол ойнауға болады. Ол үшін арнайы жасанды жабын төселуде.
Айта кетейк, қаладағы биыл аулаларды абаттандыруға бюджеттен 138 млн теңге бөлінген.