Марқакөлде тасқынның алдын алу пысықталуда
Көктем сайын Шығыс халқы тақымын қысып, тасқынның алдын алуға кірісетіні белгілі. Ақпан айынан ШҚО-да су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі енгізілген болатын. Кешенді дайындық шаралары аясында аймақ басшысы Ермек Көшербаев Марқакөл ауданына барып, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын бағамдады, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Марқакөлде ауданы, Орта Теректі ауылындағы жергілікті жауапты мамандармен кездесіп, тасқынға қарсы технологиялық тетіктерді жүзеге асыру жолдарын талқылады. Белгілі механизмдерден бөлек, қар еруі кезеңінде жұмысқа жұмылдырылған әр адамның жауапкершілігі еселей артатыны да айтылды.
Мамандардың айтуынша, Орта Теректі ауылындағы су қоймасындағы дамбы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жоспарлы жұмыстар шеңберінде су ағызғыштың асты бетондалған. Бүгінде аталмыш су қоймасының бөгетін қайта жаңғырту жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу қолға алынбақ.
Жергілікті әкімдік пен жауапты органдар аудан тұрғындарына қауіпсіздік шараларын түсіндіруді жалғастыруда.
Фото: Нелли Петенева
Видео: Даниил Суворов