Ұлан ауданында шошқа фермасы салынатын болды ма?
Ұлан ауданында шошқа фермасын салу үшін басқа жер қарастырылып жатыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ұландықтардың түбегейлі қарсылығын тудырған шошқа фермасы әу баста Айыртау ауылының маңынан бой көтеруі керек болған. Алайда, жергілікті тұрғындар наразылық білдірген соң ферма Борсақ ауылында салынатын болды. Бұл жақтың халқы да талпақ танауды өсіретін ферманың салынуын қос қолдап қолдай қоймады. Десе де, біраз уақыттан кейін аудан әкімі ауыл тұрғындарның қарсы емес екенін мәлімдеген.
Бұл ел күтпеген мәлімдеме тұрғындардың ашуын тудырғаны жасырын емес.
Ал, бүгінгі баспасөз брифингінде Ренат Тілеуханұлы тұрғындарға қолайсыздық туындамас үшін ферманы салатын басқа жер қарастырып жатқандарын айтты.
Сондай-ақ ол жер табылған күннің өзінде ферманың нақты салынып-салынбайтыны белгісіз екенін атап өтті.