ШҚО-да онкологиялық аурулардың анықталу деңгейі 57 пайызды құрайды
Фото: шартты сурет
Облыс әкімі Даниал Ахметов онкология және онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Өңірде бұл аурулардың анықталу деңгейі 57 пайызды құрайды, бұл республикалық көрсеткіштен екі пайызға жоғары, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Скринингтер мен ерте диагностика қатерлі ісік ауруын нөлдік және бірінші сатыда анықтауға мүмкіндік береді, бұл өлім мен қатерлі ісік ауруларының санын айтарлықтай азайтады. Мұндай нәтижелерге біз облыстық онкологиялық орталықтың заманауи жабдықталуының және дәрігерлердің, әсіресе жоғары технологиялық медициналық көмектің әртүрлі түрлерін меңгерген хирургтардың біліктілігін үнемі арттырудың арқасында қол жеткіздік. Қазір орталық дәрігерлері Германия мен Израиль клиникаларында гамма-пышақпен жұмыс істеу бойынша оқып жатыр. Осы жылдың соңына қарай біз онкологияда жоғары технологиялық медициналық көмектің сегіз түрін қолданамыз, республика бойынша тоғызы бар және бұл – жақсы көрсеткіш, – деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысының айтуынша, PACS жүйесі өзін жақсы қырынан дәлелдеді. Соның арқасында өңір тұрғындары енді өз елді мекендерінен шалғайға сабылмайды. Барлық қажетті медициналық фотолар мен құжаттарды орталық дәрігерлерінде бірнеше минут ішінде дайындап береді.
– Мен скринингтік бағдарламаны кеңейту алгоритмін әзірлеу және ашық есік күнін өткізу тәжірибесін жалғастыруды тапсырдым, өйткені бұл шаралар қатерлі ісіктің алдын алуға ықпал етеді. Сонымен қатар Өскеменде маммологиялық орталық ашылып, қазіргі кезде оған қажетті жабдық сатып алынатынын атап өткім келеді. Жаңа маммографтарды Риддер, Глубокое және Катонқарағай аудандарының медициналық мекемелері алады, – деп қорытындылады облыс әкімі.
Айта кету керек, ШҚО-да 13 мыңнан астам пациент онкологиямен есепте тұр.