Ғибратты өнеге үлгісі - Айтмұхамбет Қасымұлы
Дарындылық – адамның белгілі бір салада ерекше қабілеттері мен таланттарының болуы. Бірақ кез келген дарын иесінің жетістігі қажырлы еңбек, үздіксіз тәжірибе және білімге деген құштарлыққа негізделеді.
Мен Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстанның білім мен өнер ордасында оқимын. Бұл мектепті қазақтың ұлы ұстазы Қанипа Омарғалиқызының еңбегімен танымал деп білеміз. Бізде жыл сайын ғылыми жобалар жазу дәстүрі қалыптасқан. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика саласына ерекше қызығушылық танытамын, сондықтан осы бағытты зерттеу менің таңдауым болды.
Журналистика – ақпаратты жинау, өңдеу және тарату ісімен айналысатын кәсіби сала. Қазіргі заманда бұл мамандықтың рөлі ерекше артып келеді. Ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілердің дамуы журналистикаға жаңа міндеттер жүктеп, қоғамға ықпалын арттырып отыр.
Менің ғылыми жобамның арқауы – ұстаз, журналист, публицист, жазушы, аудармашы және ғалым Айтмұхамбет Қасымұлы Қасымовтың шығармашылығын зерттеу. Оның мұрасы – журналистиканың бүгінгі бағыт-бағдарын зерделеуге және болашағын болжауға зор мүмкіндік береді.
Айтмұхамбет Қасымов – сезім мен ойды, шындық пен деректі үйлесімді біріктіре отырып, ерекше мазмұндық мәнері мен дара стилін қалыптастырған қаламгер. Оның әрбір еңбегінен Отанға деген адалдық, патриоттық рух, туған жерге деген сүйіспеншілік байқалады.
Қаламгердің шығармашылығы деректі әдебиетпен басталып, «Алтайдан ұшқан ақиық», «Үміт патшалығына саяхат», «Қызыл қырғынның құрбаны», «Арулар әлемі» сынды жинақтарға ұласты. «Арулар әлемі» шығармасы әйелдің қоғамдағы орны мен ұлттық идеологияға әсерін ерекше бейнелейді.
Жетекшім Толқын Қайдарқызы Кентпаеваның басшылығымен біз Айтмұхамбет Қасымұлының публицистикалық еңбектерін жүйелеп, оның сан қырлы талантын ашуға тырыстық. Зерттеу нәтижесінде қаламгердің шығармашылығын танытатын «Абыройы Алтай асып барады» атты электронды кітапша жарық көрді. Сонымен қатар шығармашылық жолын жүйелейтін жинақ дайындалды.
«Сөз қадірін – өз қадірім» деп білетін Айтмұхамбет Қасымовтың қаламы қазақ әдебиеті мен журналистикасының көкжиегін кеңейтуде. Оның публицистикадағы еңбектері мұқалмай, мазмұндық қуаты артып, өскелең ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
ШҚО, Өскемен қаласы,
Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы
облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының
11- сынып оқушысы,
ҚР Жазушылар Одағының мүшелігіне үміткер,
ЮНЕСКО клубының мүшесі
Расул Идаятов