27943 әскери бөлімінде қос егіз қызмет етуде
Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде бірегей егіз сарбаздар қызмет етіп жатыр. Бір-біріне арқа сүйеп, ағасының артынан ерген інілері нағыз бауырмалдықтың, бірлік пен батылдықтың үлгісіне айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Нұрсері мен Жансері Жақсан – Түркістан облысының тумалары. Егіздердің әскер қатарына шақырту туралы шешім қабылдауы олар үшін қиын болмаған. Олар Отан алдындағы борышты өтеуге бір ауыздан келісіп, әскери қызметке қуана келіскен.
Алғашқыда рота және батальон офицерлері Нұрсері мен Жансерінің егіз екенін байқамай, оларды екі бөлек бөлімшеге бөлген. Кейін біріне тапсырма берген командир оны екінші ағасынан сұраған кезде ғана егіздердің ерекшелігі анықталған. Бұл жағдайдан соң офицерлер егіздерді қайтадан бір бөлімшеге біріктірді. Қазір олар тек бірге қызмет етіп қана қоймай, басқа сарбаздарға үлгі болып жүр. Нұрсері мен Жансері оқу-жаттығу полигондарында, күнделікті міндеттерде және жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде әрдайым бір-біріне сенім артады.
Жеті ай бойы әскерде қызмет етіп келе жатқан Нұрсері мен Жансерінің қатарына тағы бір егіз жұп қосылды. Олар – өскемендік Мади мен Әли Романовтар. Романовтардың әскери қызметке келу тарихы жеке құрамды ерекше шабыттандырды. Себебі Мадидің әскерге шақырылғанын естіген Әли оқуынан академиялық демалыс алып, егіз ағасының соңынан еріп келген.
Мади мен Әлидің бір-біріне қолдау көрсетуі мен бауырмалдық қасиеттері «Отан алдындағы борыш» сөзінің мағынасын тереңдеткендей болды. Қазір олар әскери өмірге бейімделіп, арнайы дайындықтан өтіп жатыр. Нұрсері мен Жансері жаңа келген егіздерге қамқорлық танытып, әскери өмірдің қыр-сырын үйретуде.
Әскери өмір тәртіп пен шыдамдылықты талап етеді. Алайда бірлік пен бауырмалдық кез келген қиындықты жеңілдететіні сөзсіз. Егіз сарбаздардың үлгісі – бауырластық пен татулықтың айқын көрінісі.
Ақерке Рағызбаева