Қаратал мен Қарабұлақта қос қуаныш – ШҚО
Зайсан ауданында барлығы 1709 көпбалалы ана бар. Тұрғын үй кезегінде 249 көпбалалы отбасы тұр. Жаңа күн, жаңа үй, жаңа өмір, жаңа көңіл! Бүгін, 15 наурыз Қайырымдылық күні ауданның Қаратал және Қарабұлақ ауылдарында тұратын көпбалалы және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға жаңа баспаналардың кілті табысталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жалпы ауданы 91 шаршы метр болатын төрт бөлмелі бұл үйлерді «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша жергілікті мердігер компаниялар сапалы етіп кірпіштен салып берді.
Қаратал ауылында алты, Қарабұлақта жеті отбасы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенеліп жатыр.
Аудан орталығынан 25 шақырымда орналасқан Қаратал – аудандағы ең ірі елді мекен. Халқының саны үш мыңға жуықтайды. Баспаналы болып жатқан көпбалалы отбасылар төрт, алты бала өсіріп, тәрбиелеп жатыр. Аналарға баспана кілті салтанатты жағдайда табыс етіліп, ауыл ақсақалдары ақжарма тілегін айтып, ақ батасын берді. Шашу шашылып, лента қиылды.
Жаңа үйдің кілтін қолдарына ұстайтын кезді жүректері лүпілдей күткен жандардың бірі – Қарабұлақ ауылында тұратын көпбалалы аналар Аяулым Чукумова мен Аида Жымбаева. Аида жергілікті ауылдық округте жетекші маман, ал Аяулым - «Күншауақ» балабақшасының иесі, кәсіпкер.
Көпбалалы аналар жаңа үйдің ішіне кіріп көргендерін, баспананың сапасы көңілдерінен шыққандығын айтып, қуаныштарымен бөлісті.
Мамандығы педагог-психолог Аяулым Чукумова Қарабұлақ ауылында 40 жылдан бері қаңырап бос тұрған балабақшаның қос қабатты ескі ғимаратын былтыр жөндеп, 75 балаға арналған жекеменшік «Күншуақ» балабақшасын ашқан. Соның арқасында ауылдағы мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінің жетіспеушілігі мәселесі түбегейлі шешімін тауыпты. Ауылдың 25 тұрғыны осы мекемеде тұрақты жұмысқа орналасқан.
Балабақшаға баратын 75 баланың 28-і тегін тамақтандырылады. Олар – көпбалалы отбасының балалары.
Қазір Қарабұлақтағы 11 жылдық мектепте 400-ден астам бала оқып жатыр. Балабақша жасындағы бүлдіршіндердің саны да артып келеді.
Жанар Қинашева, Зайсан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
Сонымен қатар төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған баласы бар, соның ішінде жалпы білім беретін орта мектепте, жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын, кәмелетке толғаннан кейін оқу орындарын аяқтаған мерзімге дейін, бірақ 23 жасқа толмаған балалары бар 995 көпбалалы отбасына 15 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік төлем төленді.
Сары алтындай тіл үйірген тарысымен бүкіл Шығысқа аты шыққан Қарабұлақ ауылының жұрты әз Наурызды, жаңа күнді осындай көңіл қуантар жаңалықпен қарсы алуда.