KZ
Өскемен
+4°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, З
484.11 528.79 5.03

15 қазан – қазақтың атақты тұлғаларының туған күні

Бүгін, 09:00 26 Төлеуғазы Жансая

15 қазан – қазақ тарихында елеулі із қалдырған бірнеше танымал тұлғалардың туған күні. Осы күні дүние есігін ашқан жандардың өмірі мен еңбегі ел үшін маңызы зор. Бүгін солардың бірнешеуіне тоқталуды жөн көрдік.

130 жыл бұрын (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері Сәкен СЕЙФУЛЛИН дүниеге келген.

Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында туған. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған.

1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болды. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берді. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен. 1920 жылы Ақмолаға оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасады.

«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көрген. «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты. С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атты тарихи-мемуарлық романында көрсетеді. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы жазаға ұшырады. Ол туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды.

119 жыл бұрын (1905-1995) ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Әбу (Әбуғали) СӘРСЕНБАЕВ дүниеге келді.

Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Астрахандағы партия мектебін, Алматыдағы Коммунистік жоғарғы оқу орнын бітірген.

1934-1936 жылдары -«Түрксіб» газетінің редакторы, 1936-1942 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының директоры болды. 1942-1947 жылдары Кеңес армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1947-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры қызметін атқарған. Оның «Еділ толқыны» атты тұңғыш дастаны 1937 жылы жарық көрген. «Жүрек сыйы», «Ант», «Ақша бұлт» атты өлең кітаптары, «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романдары, «Арбасу» (Қ.Жұмалиевпен бірге), «Теңіз махаббаты» пьесалары, «Әдебиет хрестоматиясы» (Е.Исмайловпен бірге құрастырған, 3-сыныпқа арналған), «Оқу кітабы» (үлкендер мектебіне арналған), «Ана тілі» (3-сыныпқа арналған) оқулықтары, әскери новеллалар мен эсселер жинағы жарық көрген. Сонымен қатар А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, Н.Некрасов, Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар, т.б. тілдерге аударылған.

Қызыл Жұлдыз, Қазан революциясы, Халықтар достығы, Еңбек Қызыл Туы, Отан соғысы «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

112 жыл бұрын (1912-1998) жазушы, аудармашы, журналист, КСРО және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жайық БЕКТҰРОВ дүниеге келді.

1934 жылы Ақмола облысы Ақмола ауданы Қызылағаш ауылында туған. Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейін Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында комсомол жұмысында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің жауапты редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, Жамбыл облысы «Колхоз жолы» (кейін «Еңбек туы») газетінің редакторы, Талдықорғанда ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болған. «Жол жоралғысы» (1977) жинағының авторы. Л.Пантелеев, Г.И.Серебрякова, Д.Дефо, Ш.Петефии, Я.Г.Гашек, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ зиялылары туралы жазылған естеліктері мен әдеби портреттер жинағы шықты.

100 жыл бұрын (1924-1991) қазақ жазушысы, ақын, сценарийші Бердібек Ыдырысұлы СОҚПАҚБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген.

Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.
Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

88 жыл бұрын (1936-2007) жазушы, аудармашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдебиет сыйлығының лауреаты Сайын МҰРАТБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы облысының Қапал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген.

1977-1984 жылдары «Жұлдыз» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, редакторы, 1984-1991 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, көркем әдебиетті насихаттау бөлімінің директоры, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, басқарма хатшысы, «Жазушы» баспасының директоры, 1992-1996 жылдары «Халық конгресі» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған. «Невада - Семей» қозғалысы басшыларының бірі болды. Жазушының алғашқы әңгімесі 1954 жылы жарық көрді. Оның халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының, замандастарының тыныс-тіршілігін шынайы сомдаған «Ауыл оты», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Өліара» «Басында Үшқараның», т.б. шығармалары ұлттық бояуының қанықтығымен танылды. Әсіресе «Жусан иісі», «Жабайы алма» сынды әңгіме-повестері - қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін кеңейткен шығармалар. Мұратбековтің туындылары бойынша «Тел өскен ұл», «Ұлтуған» кинофильмдері мен 9 қысқа метражды фильм түсірілген. Ол Ә.Әлімжанов, О.Сүлейменов шығармаларын, тәжік классигі С.Айнидің «Вобкенттік Шүкірбек», орыс жазушысы Ю.Казаковтың «Қыру - шыру», украин жазушысы О.Гончардың «Қас-қаққандай бақыт үшін», Африка жазушысы Алекс Ла Гуманың «Тас ғалам» атты туындыларын, сондай-ақ жүзден астам көркемсуретті фильмді қазақ тіліне тәржімаласа, өзінің де шығармалары 30-дан астам шет ел тілдеріне аударылған. Құрмет белгісі орденімен, медальдармен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Бұл атақты тұлғалардың өмірі мен еңбегі бүгінгі қазақ қоғамының дамуына үлкен әсер етіп, олардың есімдері тарихта мәңгі сақталады. 15 қазан – ел тарихындағы ерекше күн, осы күні дүниеге келген ұлы тұлғаларды еске алып, олардың жарқын істерін еске түсіру – біздің парызымыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив