KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, С
512.32 582.92 6.29

Өскеменде Алаш арысының мұрасына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті (видео)

9.04.2025, 14:43 632 Айжанат Бақытқызы

Бүгін ШҚО-дағы №20 орта мектебінде «Қазіргі білім беруде Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының ғылыми-әдістемелік құндылығы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Аталған шара Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі №20 орта мектебіне берілгеніне 25 жыл толуына арналған.

Халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеушісі, түркітанушы, ақын-аудармашы А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттап, Алаш қайраткерінің қазақ халқы үшін сіңірген еңбегін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға Астана қаласы, Абай облысы, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дің профессорлық-оқытушылық құрамы және қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.     

Сонымен қатар Өскемен қалалық білім бөлімінің әдіскері Альмира Қабидолдина, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, PhD докторанты Заңғар Кәрімхан және алаштанушы, «Ахмет, Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян қазақ» фильмдерінің сценарий авторларының бірі Ұшқын Сәйдірахманұлы құнды баяндама жасады.

«Бүгін біз мектебіміз үшін ерекше сәттің куәсі болып отырмыз – Ахмет Байтұрсынұлының есімін иеленгенімізге 25 жыл толды. Бұл атауды иелену – біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік. Алаш арыстарының есімін білім ошақтарына беру сол кезеңде айрықша маңызды әрі күрделі шешімдердің бірі болды. Бірақ сол кездегі мектеп ұжымы, қоғам белсенділері мен жанашыр азаматтардың арқасында бұл тарихи  шешім жүзеге асты. Солардың қатарында мектеп директоры Әлібек Құсманов пен тіл жанашыры Гүлбану Имашқызының атқарған еңбегі ерекше атап өтуге лайық. Содан бері біз Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын дәріптеу, оның идеяларын оқушылар бойына сіңіру жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Болашақта да Ахмет Байтұрсынұлының атына лайықты білім ордасы болып, сапалы білім мен ұлттық тәрбие беруді жалғастырамыз»,-дейді А.Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебінің директоры Ертай Арнапасов.

Осы жылдар аралығында мектепте Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған мұражай ашылған.

Жыл сайын дәстүрлі түрде қалалық «Ахмет оқулары», «Ахметтану білгірлері» зияткерлік сайыстары өтеді. Сондай-ақ, «Ахметтану» бағдарламасы негізінде оқу-ағарту жұмыстары жүргізіліп, еңбектері жас буынға насихатталады.    

Білім шаңырағының дарынды түлектері – «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары, спорттық сайыстар мен өнер додаларында топ жарған талантты жастар мектептің абыройын асқақтатуда. 

Шара барысында конференция қатысушылары «Ұрпаққа үлгі ұлағат» атты көрмені тамашалады. ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған көрмеге қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсыновтың 12 томдық шығармалар жинағы, «Әдебиет танытқыш», «Маса», «Қырық мысал» кітаптары қойылған.

Ұстаздар мектеп мұражайындағы жәдігерлермен танысқан соң, конференция жұмысы тақырыптық алаңдарда жалғасты.

Фото/видео: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу