KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
516.91 586.33 6.3

Өскеменде жергілікті өнім өндірушілерінің көрмесі ашылды

11.10.2023, 15:02 651 Ләззат Қанатқызы

Бүгін облыс орталығында «Made in Oskemen» атты жергілікті өнім өндірушілердің көрмесі ашылды. Өз өнімін арқалап келген кәсіпкерлер үлкен залдың іші-сыртына толықтай жайғасқан. Тұтынушылар да көп жиналыпты.

Айтулы шара қала деңгейінде алғаш ұйымдастырылып отыр. Соған қарамастан «Неке сарайында» ине шаншар орын жоқ. Бас шаhардың экономикасына елеулі үлесін қосып отырған 100-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін көрмеге қойыпты. Арасында жас кәсіпкерлер де бар, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Мұндай көрме кез келген кәсіпкер үшін үлкен мүмкіндік екені сөзсіз. Себебі мұнда олар өз өнімдерін насихаттап, жарнамалап қана қоймай, сата алады.

- Бүгін қаламызда алғаш рет осындай үлкен көрмені ұйымдастырып отырмыз. Тауар өндірушілердің барлығын бір алаңға жинаудағы басты мақсатымыз – қаламызда қандай заттар өндірілетінін халыққа таныту, көрсету. Бізде түрлі ірі кәсіпорындар бар екенін барлығымыз білеміз. Ал, ендігі уақытта шағын және орта бизнестің дамуына қолдау көрсетуіміз керек. Жыл сайын қаламызда шағын бизнестің саны артып келеді, енді сапаға көңіл аударатын уақыт келді, - дейді қала әкімі Жақсылық Омар.

Көрмеден түрлі сүт, ет өнімдерінен бастап, сусын, қолдан тігілген түрлі киім-кешек, медициналық заттар, қолөнер бұйымдары, ыдық-аяқ пен жиhаздарға дейін табуға болады.

Шағын және орта кәсіпорындармен қатар, сотталғандардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан түрлі бұйымдар мен құрылыс материалдары әкелінген. Мәселен, ШҚО бойынша ҚАЖД № 17 мекемесінде автокөлік шеберханасы бар. Онда қалған көлік қаңқаларынан демалысқа, аң аулауға ыңғайлы көлік құрап шығарылады. Ал салоны тігін цехында дайындалады.

- "Еңбек-Өскемен" кәсіпорынының негізгі мақсаты – сотталғандарды жұмысқа орналастыру және тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету. Біздегі тігін цехында арнайы киімдер, медициналық халаттар, төсек-орын жабдықтары және басқа да дүниелер дайындалады. Тапсырыс берілген кез келген киімді немесе басқа да дүниелерді тігеміз, - дейді "Еңбек-Өскемен" РМК басшысының уақытша міндетін атқарушы Дәурен Қасымқанов.

Көрмеге қатысқан облыс әкімі Ермек Көшербаев әр кәсіпкермен жеке тілдесіп, өнімдерімен жақынырақ танысты.

Айта кету керек, бүгінгі қатысушылардың барлық шығындарын қала әкімдігі өтеген. Егер көрмеден жақсы нәтиже шығып жатса, жылда дәстүрлі түрде ұйымдастыру да жоспарда бар көрінеді.

- Көрмеде 120-ға жуық шағын, орта және ірі бизнес өкілдері қатысып жатыр. Одан бөлек жеке кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтар болса, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жауап беретін және банк қызметкерлері де осында. Сондай-ақ инвесторлар тартып, олармен тікелей жүздесе алады. Қаладағы үлкен өнеркәсіп өкілдері де осында болады, - деді Өскемен қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гасан Тұрғанбаев.

«Made in Oskemen» көрмесе бүгін кешкі сағат 16.00-ге дейін ашық болады. Тұрғындар кез келген азық-түлік өнімінен дәм татып, ұнағандарын сатып ала алады.

00:00
00:39


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу